ТҮРКІСТАН ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСУДЕ КЕШЕНДІ ДАМУ ШАРАЛАРЫ СӨЗ БОЛДЫ

0

Түркістан қаласының даму стратегиясының маңызды бөлігі — тұрғындармен ашық әрі жүйелі диалог орнату. Бұл бағыттағы кезекті көшпелі кездесу Шауғар секторының тұрғындарымен өтті. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кездесуде 2024 жылы көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды көпшілік назарына ұсынды.

Шауғар секторы – халық тығыз қоныстанған, үздіксіз дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Мұнда алдыңғы кездесулерде 28 мәселе тіркеліп, соның 17-сі шешімін тауып, 11-і бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – тұрғын үнінің жергілікті билік тарапынан ескеріліп жатқанын көрсететін нақты көрсеткіш. Сектордағы ең басты мәселелердің бірі – инфрақұрылым. Бұл бағытта елеулі жобалар жүзеге асуда. Ауыз сумен қамту деңгейін 99,5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта жаңадан қоныстанған үйлерге су жүйесін тарту мен қайта құрудың 2-кезек жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сапалы электрмен қамту – 2024 жылы 3 200-ден астам абонентке жарық жеткізіліп, 2026 жылға дейін қосымша 22 шақырым желі мен жаңа трансформаторлар орнату көзделуде. Табиғи газ бойынша 185 абонентке арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл көрсеткіштер сектордың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған жүйелі қадамдардың бар екенін аңғартады.

Қала көркі мен тұрғындардың әлеуметтік белсенділігіне тікелей әсер ететін абаттандыру шаралары да назардан тыс қалмаған. Биыл 3 жаңа ойын алаңы салынып, барлығы 19 ойын алаңы күтіп-ұстауға алынған. Төле би мен Сабырханов көшелерінің қиылысына МАФ орнатылып, аулаларды абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Көше жарығы 98% деңгейде қамтылған, қалған 8 көшеге жарықтандыру биылғы тамыз айында аяқталады деп күтілуде. 35 бейнебақылау камерасы және 3 жаңа базалық станцияның орнатылуы — қауіпсіздік пен байланыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Жол инфрақұрылымы саласында да нақты нәтижелер бар. 36 көшеге асфальт төсеу жоспарда тұр, оның 19-ында жұмыстар аяқталды, ал 12 көшеге жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланған. Бұл – жол сапасын жақсарту арқылы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей оң әсер етуге бағытталған үлкен іс. Секторда қазіргі таңда 2 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта қосымша 4 дүкен ашу көзделіп отыр. Бұл халықты төмен бағамен азық-түлікпен қамту мәселесін шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен қаланың тазалығын сақтауға белсенді араласуға шақырды. Сонымен қатар, барлық ұсыныс-пікір хаттамаға енгізіліп, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.

Шауғар секторының қазіргі тынысы – Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының бір көрінісі. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының көшпелі кездесулері жергілікті басқарудың ашықтығын, жауапкершілігін және тиімділігін көрсетіп отыр. Тұрғындардың үнін тыңдай отырып, нақты жобалармен жауап беру – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді нығайтады. Шауғар секторының даму барысы көрсеткендей, Түркістан қаласының әрбір аумағында жоспарлы жұмыс пен тұрақты бақылау бар. Бұл — Түркістанның болашағы үшін берік негіз.


ПІКІР ЖАЗУ