ОТЫРАР СЕКТОРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты іспен жүзеге асуда. Соның айқын көрінісі – қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының түрлі секторлардағы тұрғындармен көшпелі кездесулері. Жуырда өткен осындай кездесудің қорытындысы Отырар секторының тұрғындарымен болған ашық диалогта көрініс тапты.
Қала басшысы бұл сектордың Түркістан үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Нақтырағы «Отырар секторы – қаланың қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі, сондықтан бұл аймақтағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік және қоғамдық мәселелер әрқашан басты назарда», – деді әкім. Отырар секторының дамуы ең алдымен инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Мұндағы бірнеше маңызды жоба қолға алынған. «Отырар-2» кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында аяқталмақ. «Отырар-3» кәріз жүйесі болса, 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарлануда. Электрмен қамту бойынша екі ірі нысанның құрылысы басталып, нәтижесінде 3 200-ден астам абонентке сапалы электр қуаты жеткізіледі. Бұл жобалар – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді әрі жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Қала әкімдігінің назарында тек инженерлік жүйелер ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру да тұр. Тарқатсақ, Р.Дастанова көшесінде және айналма тас жол бойында екі жаңа балалар ойын алаңы салынуда. Сектор аумағындағы 99 ойын алаңы жөндеуден өткізіліп, оларға тұрақты техникалық қызмет көрсету жолға қойылған. Бұл бастамалар балалардың қауіпсіз әрі белсенді демалуына жағдай жасаумен қатар, қаланың эстетикалық бейнесін де жақсартады.
Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі де әкімдік назарынан тыс қалмаған. 2024 жылдың соңына дейін Отырар секторында 35 бейнебақылау камерасы орнату жоспарланған. Бұл – қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында маңызды қадам. Секторда бүгінде 14 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағамен ұсынылуда. Бұл – инфляция қысымын жеңілдетудің тиімді тетіктерінің бірі. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар ауыз су, көше жарығы, қоғамдық көлік, санитарлық тазалық секілді бірқатар мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі барлық сұрақтарға жеке жауап беріп, бірқатар мәселені сол жерде шешіп, қалғандарын тиісті бөлімдерге тапсырды. Отырар секторы – Түркістанның даму динамикасындағы маңызды аймақтардың бірі. Қала әкімінің көшпелі кездесулері жергілікті биліктің халықпен байланысын күшейтіп қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік қолдау, қоғамдық қауіпсіздік және ашық әкімдік қағидаттары осы аумақта жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгінгі кездесуден кейін тұрғындар тек тыңдалып қана қоймай, нақты істердің орындалып жатқанын көруге мүмкіндік алды. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді арттыратын оң үрдіс.