ШЫМКЕНТТЕН ЖАС САРБАЗДАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

0
Шымкент қаласының жинақтау бекетінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанған жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Бұл күн жас жігіттер үшін ғана емес, олардың ата-аналары, туған-туыстары мен ұстаздары үшін де толқулы сәт болды. Әскери сапқа тұрған өрімдей ұландарды қолдауға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, ардагерлер кеңесінің өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен қала жұртшылығы жиналды.
Полковник Шегебаев сарбаздарды әскерге шығарып сала отырып, олардың жауапты миссиясын ерекше атап өтті.
– Әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі ел тыныштығының кепілі. Сапқа тұрып, қару алып, борышын орындау – әрбір ер-азамат үшін үлкен абырой. Біз сіздердің еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын қорғауда адал қызмет ететініңізге сенеміз, – деді ол.
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен барлығы 850 жас сарбаз әскер қатарына қосылмақ. Оның алғашқы легі – 35 жігіт бүгін ресми түрде сапқа тұрды. Олар бастапқы дайындықтан соң Қонаев қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімге жөнелтіледі.
Әскери бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, капитан Мадияр Раимбердиевтің айтуынша, сарбаздар түрлі әскери мамандықтарды меңгереді.
– Жауынгерлік дайындық бағдарламасына сәйкес, әрбір сарбаз бір жыл ішінде екі рет парашютпен секіреді. Сондай-ақ БТР көздеушісі, гранататқыш, мерген, оқшашар сияқты мамандықтарды игереді, – дейді офицер.

ПІКІР ЖАЗУ