ПАРТИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУЫ КЕЛЕС АУДАНЫНДА ӨТТІ

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам мен билік арасындағы жаңа сапалы диалогтың іргетасын қалады. Бұл қағидат билік құрылымдарының халыққа жақын болуын, азаматтардың өтініші мен ұсынысын нақты іспен шешуді көздейді. Осы бағытта еліміздің барлық өңірлерінде түрлі қоғамдық қабылдаулар, ашық кездесулер мен көшпелі диалог алаңдары ұйымдастырылып келеді. Солардың ішінде Түркістан облысындағы “AMANAT” партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары айрықша мәнге ие болып отыр.
Жақында партияның Түркістан облыстық филиалы кезекті көшпелі қабылдауды Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекенінде өткізді. “Құқықтық көмек” жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – шалғай елді мекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өтініштеріне нақты жауап беру, заңдық әрі әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету болды. Қабылдауға “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев және партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысты. Сонымен қатар облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері, құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері, “Қазсушар”, “Оңтүстік ЖарықТранзит”, “Қазақгаз-Аймақ”, “Тұрансу” сияқты ұйымдардың мамандары, кәсіби заңгерлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустар, сондай-ақ “Отбасы банк” және “Халық банк” өкілдері ауыл тұрғындарына тікелей кеңес берді. Мұндай ауқымды шараның мәні – азаматтардың өтінішін облыс орталығына бармай-ақ, өз ауылында шешу мүмкіндігі. Бұл – халыққа жақын болудың және биліктің ашықтығын қамтамасыз етудің нақты көрінісі. Алтынсары Үмбетәлиев өз сөзінде дәл осы ұстанымды баса атап өтті. Нақтырағы «Бүгінгі қабылдауға шешім қабылдау құзыретіне ие барлық мемлекеттік органдар келіп отыр. Сіздердің сұрақтарыңызға тек кеңес емес, нақты іс жүзіндегі жауап беріледі. Біз “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын іске асыру жолында ауыл-аймақтарды аралап, әр мәселені жергілікті жерде шешуді көздеп отырмыз. Осы арқылы тұрғындарға облыс орталығына бармай-ақ, өз ауылында мәселесін көтеруге мүмкіндік беріп отырмыз», – деді ол.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан ең жиі көтерілген мәселе – ауыз су тапшылығы болды. Бұл проблема әсіресе жаз айларында өзектіленіп, кейбір көшелерде тіршілік нәрі жеткіліксіз болып келеді. Кездесуде аудан әкімдігі тарапынан бұл бағытта қолға алынған жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі таңда су ұңғымаларын қазу бастамалары жүріп жатыр, ал үш көше тұрғындарына су жинайтын арнайы емкостар орнатылған. Тұрғындарға суды үнемдеп пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық партия филиалы бұл мәселенің шешілуін өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Қабылдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі. Тұрғындар Сарығаш-Шардара-Жетісай-Өзбекстан шекарасы бағытындағы күре жолдың Бірлік ауылына бұрылысына бағдаршам орнату қажеттігін айтты. Бұл жол бөлігінде көлік қозғалысы қарқынды, ал жаяу жүргіншілер мен оқушылардың қауіпсіздігі жиі тәуекелге ұшырайды. Аталған өтініш те партиялық бақылауға алынып, тиісті органдарға нақты тапсырма берілді. Кездесу барысында ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері кеңінен талқыланды. Тұрғындар мәдениет үйін салу, балаларға арналған ойын алаңшасын құру, спорт кешенін салу және ауылдағы екі қабатты тұрғын үйлерді модернизациялау жөніндегі ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ аудан орталығымен байланыстыратын ирелең жолдың орнына жаңа трасса салу қажеттігі де қозғалды. Бұл мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, қаржыландыру жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатыны түсіндірілді.
Қабылдауға келген жергілікті кәсіпкер ауылға қажетті машиналар мен техникалар паркін өз қаражатына қалыптастырғанын айтып, ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу үшін механизация станциясын (МТС) ашуға ниет білдірді. Ол үшін жер телімін бөлуді сұрады. Мамандар оған бизнеске арналған жер учаскесін аукцион тәртібімен алу тәртібін түсіндіріп, тиісті құжаттарды дайындауға кеңес берді. Көшпелі қабылдау барысында мектеп салу, ауылдық дәрігерлік амбулаторияны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, денсаулық жағдайы бойынша мүгедектікке шығу, иесіз жануарларды жою, мал дәрігерлік қызметтің сапасын арттыру сияқты мәселелер де көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар жол салу, жеңілдетілген несие алу, жер игеру және облыс орталығынан тұрғын үй алу шарттарына қатысты сұрақтар қойды. Барлық өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды. Тиісті мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Бұл – қабылдаулардың нәтижесіз өтпей, әрбір мәселенің шешімін табуға бағытталатынын көрсетеді.
Шара аясында облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Алпамыс батыр ауылындағы спорт кешеніне барып, жаңадан ашылған бастауыш партия ұйымының жұмыс кабинетімен танысты. Ол партия ұйымының ауылдық деңгейде белсенді болуы, “Ауыл аманаты”, “Жер аманаты”, “Қарызсыз қоғам” сияқты жобаларды үйлестіріп, тұрғындарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Бұл жобалар – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты бастамалар. Жалпы, мұндай мобильді қабылдаулар ауыл халқының өмір сапасын арттыруға, мемлекетке деген сенімін нығайтуға ықпал етіп отыр. “AMANAT” партиясы ұйымдастырып жатқан “Құқықтық көмек” жобасы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама – мемлекеттің қоғаммен кері байланысын нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын жүзеге асыру – уақыт талабы. Өйткені билік пен қоғам арасындағы сенім мен өзара түсіністік орнаған жерде даму да, тұрақтылық та болады. Ақжол елді мекеніндегі бұл көшпелі қабылдау дәл осы қағидатты нақты іске асырып, азаматтардың үні мен өтінішінің елеусіз қалмайтынын көрсетті. Осылайша, Түркістан облысындағы “AMANAT” партиясының қабылдаулары — қарапайым халық пен билік арасындағы тиімді диалог алаңы. Бұл кездесулердің нәтижесінде нақты шешімдер қабылданып, ауыл өмірі біртіндеп жақсарып келеді. Халықтың сенімі мен белсенділігі — осындай бастамалардың басты қозғаушы күші. Ал халық үні естілетін, мәселесі ескерілетін елде нағыз әділетті қоғамның негізі қаланады.









