ДАРБАЗА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінің тұрғындарымен ашық форматтағы кездесу өткізді. Бұл жиын – билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтып, тұрғындардың пікірін ескеруге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болды. Кездесу барысында аудан басшысы бұған дейінгі кездесулерде айтылған ұсыныстар мен мәселелердің орындалу барысын баяндап, биылғы жылы жоспарланған жобалардың нәтижелерімен бөлісті.

Арман Абдуллаев өз сөзінде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әрбір әкім халықпен тікелей байланыста болуы керек екенін атап өтті. «Халықтың үніне құлақ асу – біздің басты міндетіміз. Әр тұрғынның ұсынысы мен сұрағы біздің жұмысымыздың негізі болуы тиіс. Әкімдіктің табысты қызметі – халықтың көңілінен шығуымен өлшенеді», – деді аудан әкімі. Кездесуде ауылдық округтің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен талқыланды. Биыл Дарбаза елді мекенінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. С.Торайғыров көшесінің 3,5 шақырымына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл ішілік жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Сондай-ақ Ш.Берсиев, Ш.Қалдаяқов, С.Ерубаев, А.Оразбаев және Амангелді көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары атқарылып, жолдар тегістелді. Бұл тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қатынасты қамтамасыз етті. Жамбыл және Т.Тоқтаров көшелеріне тас төселіп, көлік қозғалысы жеңілдеді. Тұрғындар көп жылдан бері күткен жол сапасының жақсаруы ауыл өмірінің деңгейін арттырды. Бұрын шаң мен батпақтан жүру қиын болған көшелер бүгінде көрікті әрі таза кейіпке енді. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өтініштері негізінде жүзеге асырылды, яғни билік халықтың талабына нақты іс арқылы жауап беріп отыр. Ауылдың түнгі бейнесі де түбегейлі өзгерді. Биыл Дарбаза елді мекеніндегі 8 көшеге 310 дана жаңа жарық шамдары орнатылды. Жарықтандыру жүйесінің жаңаруы ауылдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасады. Әсіресе балалар мен оқушылардың кешкі уақытта қауіпсіз жүруіне мүмкіндік туды.

Абаттандыру бағытында да бірқатар игі істер атқарылды. Бейбітшілік және Момышұлы көшелеріне 835 түп ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл желек көлемі ұлғайтылды. Ағаштарды суару және қоршау жұмыстары да жүргізіліп, ауылдың экологиялық келбеті жақсарды. Мұндай көркейту бастамалары ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартумен қатар, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Инженерлік және байланыс инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Құрысай елді мекенінде «Beeline» компаниясының жоғары жылдамдықтағы 4G байланыс станциясы орнатылды. Бұл ауыл тұрғындарына интернетке жылдам қосылуға мүмкіндік беріп, цифрлық қызметтерді пайдалануды жеңілдетті. Сонымен қатар Ердәуіт елді мекенінде «Kcell» операторының 4G базалық станциясы іске қосылды. Енді бұл ауылдардың тұрғындары заманауи байланыс желісіне қол жеткізіп отыр. Дарбаза ауылдық округінің дамуы тұрғындардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Құрысай елді мекеніндегі 26 тұрғын үйді, Тасқұдық елді мекенінің 116 үйін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Сарысу ауылындағы 65 тұрғын үйді ауыз сумен қамту құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік жобалар. Қазіргі таңда Ердәуіт және 51-разъезд елді мекендері толықтай табиғи газ жүйесіне қосылды. Бұрын қатты отынға тәуелді болған тұрғындар енді таза әрі экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзін пайдалану мүмкіндігіне ие.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Ердәуіт, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде балалар ойын алаңшалары салынып, ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Мұндай нысандар ауыл өмірінің әлеуметтік белсенділігін арттырып, жастар мен балалардың дамуына ықпал етуде. Сарысу ауылында 200 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған бұл білім ордасы ауыл балалары үшін үлкен қуаныш болды. Жаңа мектеп – білім сапасын көтеруге, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды нысан. Ата-аналар мен ұстаздар жаңа ғимараттың ашылуын үлкен жетістік ретінде қабылдап, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Кездесу барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, түрлі мәселелер бойынша пікір білдірді. Ауыл халқын әсіресе ауыз су сапасы, жолдың сапасы, жастарға арналған мәдени-спорттық нысандардың көбеюі сияқты тақырыптар толғандыратыны байқалды. Әкім барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, кейбір мәселелердің шешілуі бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар берді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев кездесудің қорытындысында: «Халықтың пікірі – біздің жұмысымыздың бағыт-бағдары. Дарбаза ауылдық округі тұрғындарының белсенділігі бізге жаңа идеялар мен шешімдер ұсынады. Біз әрбір ұсынысты ескеріп, жүзеге асыруға тырысамыз. Халықтың сенімін ақтау – басты мақсатымыз», – деді. Бұл кездесу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын мысалы болды. Яғни, билік пен халық арасындағы байланыстың басты арнасы – ашықтық, сенім және өзара жауапкершілік. Ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары ескеріліп, нақты жұмыстармен жүзеге асуда.

Дарбаза ауылдық округі бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Инфрақұрылымдық жобалар, байланыс желісінің кеңеюі, білім мен әлеуметтік нысандардың салынуы – ауылдың өркендеуін айғақтайды. Ең бастысы, бұл жетістіктер халықтың сұранысы мен пікіріне сүйене отырып жүзеге асырылуда. Қорыта айтқанда, Дарбаза ауылдық округінде атқарылып жатқан істер – халық пен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нәтижесі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанған Сарыағаш ауданының әкімдігі тұрғындардың әрбір пікірін ескеріп, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты жалғастырып келеді.


ПІКІР ЖАЗУ