ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Ордабасы ауданының мәдениет саласына, тарихи мұраларды қорғау ісіне және монументтік өнер нысандарын орнатудағы тәртіпке қатысты маңызды басқосу өтті. Аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен өткен бұл семинар өңірдің мәдени саясаты үшін айрықша мәнге ие болды. Күн тәртібіндегі басты тақырып — «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары және тарихи-мәдени мұраларды қорғау заңдылықтарын түсіндіру».
Бұл іс-шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты – мәдени мұра нысандарын сақтау мен қорғау бағытындағы мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде нақты әрі жүйелі түсіндіру, сондай-ақ ескерткіштерді орнату кезінде міндетті түрде сақталуы қажет құқықтық талаптарды түсіндіру. Сонымен қатар семинар барысында жергілікті атқарушы органдардың өзара тәжірибе алмасуына да кең мүмкіндік берілді. Мәдениет, тіл саясаты және білім саласының өкілдері үшін бұл кездесу алдағы жұмысты дұрыс жоспарлау мен заң аясында үйлестірудің жаңа жолдарын ашты. Семинарға Түркістан облысы мәдениет басқармасының қарамағындағы «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының» бөлім меңгерушілері Раушан Тұрсынова мен Гүлнұр Байсариева қатысып, тарихи нысандардың зерттелуі, қорғалуы және қалпына келтірілуіне қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар облыстық тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің меңгерушісі Нүргүл Жақсылыкова ономастика саласындағы өзекті мәселелер мен көше атауларына қатысты өзгерістерді дұрыс жүргізу тәртіптерін түсіндірді. Семинар жұмысына ауылдық округ әкімдері, мәдениет саласының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің өкілдері де қатысты. Бұл — ауданның әлеуметтік-мәдени кеңістігін қалыптастыруға жауапты барлық құрылымдардың бірлесіп жұмыс істеуіне қажетті алаң болды.
Кездесу барысында қатысушыларға Ордабасы ауданындағы тарихи-мәдени мұра нысандары туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды. Ауданда орналасқан мұра нысандарының жалпы саны — 81. Оның ішінде 62 археологиялық ескерткіш, 12 сәулет және қала құрылысы ескерткіші және 7 киелі нысан бар екені айтылды. Бұл — Ордабасының тарихи-мәдени әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін көрсеткіш. Республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында Ишан базар мешіті (Ақ мешіт) мен Ордабасы қорымы ерекше атап өтілді. Бұлар ел тарихы үшін маңызды рухани және сәулеттік мұралар. Ал жергілікті маңызы бар нысандар ішінде Қ.Мұңайтпасұлы мазары мен Шіркеулік мектептің ерекшелігі сөз болды. Әрбір нысанның тарихы, сақтау талаптары және олардың мәдени құндылығы семинарда жан-жақты түсіндірілді. Семинардың негізгі бөлімдерінің бірі — монументтік өнер нысандарын орнату тәртібін түсіндіру болды. Ескерткіштер, бюсттер мен белгітастарды орнату — тек мәдени шара емес, сонымен қатар заңмен реттелетін процесс. Сондықтан бұл бағыттағы заңдылықтар қатысушыларға толықтай жеткізілді. Монументтік өнер туындысын орнатпас бұрын оның көркемдік шешімі, идеялық мазмұны, орналасатын жерінің тарихи және мәдени сәйкестігі сияқты талаптар қатаң түрде ескерілуі тиіс. Бұл — тарихи шындықты бұрмаламау, ұлттық мәдениетке нұқсан келтірмеу және қоғамдық кеңістікке үйлесімді бейне қалыптастыру үшін маңызды.
Тарихи тұлғалар мен жер-су атауларын зерттеп, дұрыс таңдау — ономастика саласының негізгі міндеттерінің бірі. Семинар барысында осы бағыттағы жұмыстар да талқыланды. Аудан көлемінде көше атауларын өзгерту мәселесі ерекше назарға алынды. Биыл Ордабасы ауданында 16 көшеге жаңа атау берілген. Оның ішінде 10 көшеге тарихи жер-су атаулары, ал 6 көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері берілгені айтылды. Бұл — жергілікті тарихи тұлғаларды ұлықтау және өңірдің тарихи жадысын сақтау бағытында жасалған үлкен қадам. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз тарихи мұраларды сақтау — тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті. Ол тарихи-мәдени нысандардың жай-күйін тұрақты түрде бақылап, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ барлық қатысушыларды мұраларды қорғау бағытында бірлесіп атқаратын жұмысқа белсенді қатысуға шақырды. Ордабасы ауданында өткен бұл семинар тарихи мұраларды сақтау мен мәдени саясатты дамытудағы маңызды шаралардың бірі болып қалды. Мұндай жиындар болашақта тарихи құндылықтарды қорғап қана қоймай, рухани байлықты келер ұрпаққа аманаттау ісінде үлкен рөл атқарады.









