ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕЛ ЖӘНЕ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫН САЛАДЫ
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан — Еуропа ынтымақтастығының перспективаларын баяндады, деп хабарлайды AlashInfo24 тілшісі.
«Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің қатысуымен Батыс Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнату және 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутекті өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісімге қол қойылды. Бұл Еуропалық одақтың осы өнімге деген қажеттілігінің бестен бір бөлігін құрайды», — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Сонымен бірге Роман Василенко өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара тауар айналымы 27,6%-ға өсіп, 40 млрд долларға жеткенін атап өтті.