ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 27,6 %-ҒА ӨСТІ
Былтыр Қазақстанмен Еуропалық одақ арасындағы өзара тауар айналымы 40 млрд долларға жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, — деп хабарлайды AlashInfo24 тілшісі.
«Бүгінгі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 160 млрд доллардан асады. 2022 жылдың 9 айында еуропалық инвестициялар ағыны 10%-ға өсіп, 8 млрд доллардан асты. Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30% үлесі Еуропалық одаққа тиесілі. 2022 жылы тауар айналымының көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен 27,6%-ға асып, 40 млрд долларды құрады. Бұл Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамынан шыққаннан бергі рекордтық көрсеткіш. Қарқынды өсу ағымдағы жылы да жалғасуда», — деп қорытындыларға тоқталды Роман Василенко.