АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, ЖАЛПЫ МЕМЛЕКЕТ ҮШІН ДЕ МАҢЫЗДЫ

0

«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Ерболат Саурықов, Болатбек Қыстауов, Ілияс Досқожаев пен жергілікті мәслихатқа кандидаттар Батыс Қазақстан облысына барды. Олар ірі қайта өңдеу кәсіпорны «Жайық ет» ЖШС ұжымымен және жоғары оқу орнының оқытушыларымен, студенттерімен кездесті.

Кандидаттар алдымен «Жайық ет» ЖШС ұжымымен кездесті. Серіктестік – өңірдегі шұжық және ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын. Ет өңдеу кешені жаңа үлгідегі заманауи жабдықпен толық жабдықталған. Бүгінде жылына 7000 тонна мал мен құс етін шығарып, 100% қуаттылықта жұмыс істейді. Бордақылау алаңдары Зеленов ауданында, мал сою пункті Орал қаласында орналасқан. Кәсіпорын өнімі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облысының нарығына шығарылады. Серіктестікті «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, нағыз еңбек адамы Темірғали Ескендіров басқарады. Жиында «Ауыл» партиясының агроөндірістік кешендер, ауыл шаруашылығының дамуына мүдделі екені, сондықтан үнемі солардың мүддесіне қызмет ететіні жайлы айтылды.

«Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі жаңа саясатын ұсынып, оны жүзеге асыруға дайын. Біздің мақсат – елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдыру және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құру. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие. Біз Мәжіліске барғанда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, оларды өңдеушілер үшін әлеуметтік аударымдардан басқа салықтың барлық түрін толық жою, өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізу, агробизнестің дамуына кедергі келтіретін,  мемлекеттік органдар тарапынан болатын кез келген шектеуге тыйым салу бойынша күресеміз. «Ауыл» партиясы бүгінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ауыл еңбеккерлерінің абыройын асқақтату, беделі мен танымалдылығын арттыру жөніндегі барлық іске бастамашы, ұйытқы болып ғана қоймай, соның заңнама тұрғысында нақты мәртебеге ие болуы үшін күш салып жүр. Біз айтылған мәселелердің оң шешім табуына сіздердің қолдауларыңызбен ғана қол жеткіземіз. Бізді сайлауда қолдаңыздар!», –деді ұжым еңбеккерлері алдында сөз сөйлеген кандидат Ілияс Досқожаев.         Серіктестіктен кейін кандидаттар облыс орталығы Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Жиынға шамамен 400-ге жуық адам қатысты. Кездесу «Заманауи ауыл үлгісі» тақырыбында өтті. Жиынға қатысушылар болашақта ауыл қандай болуы керек, қандай ауылды көргісі келетіні жайлы ой бөлісті.

«Үлгілерде жергілікті жағдай есепке алынбауы мүмкін. Қандай үлгі болмасын, ауылды сақтау, ауыл аумағын дамыту жөніндегі бірыңғай саясат бұзылмау керек. Қалай болса да, ауылда жердің әрбір гектары, тіпті тоқымдай жерге дейін өңделіп, игеріліп пайдаға асуы, жайылым малға толуға тиіс. Ауылдың барлық адамы жұмыспен қамтылып, оның дамуға, өз ісін, негізінен, ауыл шаруашылық бойынша ісін ашуға мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан бұл істе біз жастарға барынша қолдау көрсетуге тиіспіз. Бүкіл қалалық бизнесті ауылға көшіруге мүмкіндік тудыру қажет. Бұл мәселе біздің сайлауалды бағдарламамызда қала тұрғындарын ауыл кәсіпкерлігін инвестициялауға тарту,  қажетті экономикалық ынталандырулар мен құқықтық кепілдіктер бере отырып, «қалалық» бизнесті ауылдарға көшіру түрінде көрініс тапқан. Біз Мәжіліске барғанда бірінші кезекте осы мәселелерді қолға аламыз», – деді Мәжіліс депутаттығына «Ауыл» партиясынан кандидат Болатбек Қыстауов.

Екі жердегі кездесуде де жиынға қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты түсіндіріліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жергілікті халық өздерін толғандырып жүрген мәселелелерді айтып, сұрақтар қойды. Кандидаттарға ұсыныстарын аманаттады.

Тапсырыс беруші: «Ауыл» ХДПП;

«Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді


ПІКІР ЖАЗУ