АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ НЕМЕНЕСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

0

Алматыда қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының неменесі Айдос Ақылбаев тұрады. Ол Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Бұл туралы ақын Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды  AlashInfo24 тілшісі.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Алматыда Абайдың тікелей ұрпағы тұратынын кәсіпкер інісінен білген. Кейін телефон арқылы Айдос Ақылбаевқа хабарласып, кездесуге рұқсат сұрап, Абайдың ұрпағымен жүздескен. «Біз онымен танысу үшін жұмыс орнына бардық. Жұпынылау киінген дембелше кісі аулаға шықты. Кеңірек таныстық. Әңгімелестік. Қазақшаға шорқақтау екен. Асылдың сынығы, алтынның ұнтағы емес пе, болмысынан тектілік, зиялылық, ақсүйектік аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келіпті. Украинаның әйгілі Кривой рог қаласындағы Авиациялық училищеде оқыған екен. Оқу бітіргенде Кеңес одағы күйреген, сосын бұйырған жұмыстармен айналысыпты. Жалғыз қызы — Александра осы күндері Саратов қаласының тұрады», — деп жазады Жанарбек Әшімжан.

Ақынның сөзінше, Абайдың сақталып қалған бейнесінің бірі — Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен түскен тарихи фотосы. Сол Ақылбай Абайұлы — Айдостың тікелей атасы, фамилиясы да — Ақылбаев. Шежіре бойынша: Абай — Ақылбай — Әлімқұл- Бағфұр — Эрнест — Айдос. Яғни, Айдос Ақылбаев — Абайдың неменесі болады. Алайда Айдос Ақылбаев ұлы ақынның ұрпағы екенін көп адамға айта бермейтін көрінеді. «Абай атамның тұқымы екенімді көп адамға айтпаймын, мына мейрамханадағылар да білмейді. 2020 жылы бабамның 175 жылдығында Семейге бардым. «Абай балаларымен» деген ескерткіштің ашылуы болды. Ақылбай атам мен Тұрағұл атамды екі қапталына алған бабамның ескерткіші керемет шығыпты. Осыны арнайы тапсырып, жасатқаны үшін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұрпақтары атынан ерекше ризамын!», — деген әңгіме барысында Айдос Ақылбаев. Жанарбек Әшімжанның жазуынша, бүгінде Айдос Ақылбаев Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді. «Еңбекақысы — 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті… Бес қабатты көне үйдің бесінші қабатында бір бөлмелі үйде жұбайымен тұратынын айтты… Ұлы Абайдың соңғы тұяғы ғой. Адамзаттың ойшылы атанған ұлы бабамыздың ұрпағы осындай әлеуметтік тауқыметте жүргені ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе?! Ойланайық!», — дейді ақын.


ПІКІР ЖАЗУ