ҚАЛА ӘКІМІ ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІМЕН БІРГЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ ТЕКСЕРДІ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов басқарған комиссия құрамымен бірге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді.
Арнайы бақылау жүргізу барысында «3-Энергоорталық» АҚ-ы, № 3 аудандық қазандық және ӘІО 160 ГКАЛ қазандығының дайындық жұмыстары тексерілді. «3-Энергоорталық» АҚ-ының қысқы маусымға дайындығы толық атқарылған. Ал қуаттылығы 60 Гкал № 3 аудандық қазандығының да жылу маусымына дайындығы аяқталған. Бұл қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 ГКАЛ қазандығы 123 көпқабатты тұрғын үйге жылу береді. Бүгінде қысқы маусымға дайын.
Қаладағы 2 076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекемедегі дайындық жұмыстары аяқталды. Осы орайда қала басшысы жауаптыларға жылыту маусымы кезінде мәселе болмауын тапсырды.