ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕР ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы әлеуеті жоғары. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталған саланы дамытуға мұрындық болатын бірқатар бастамалар көтеріліп жатыр. Ол қатарда Шымкент қаласы да бар. Үшінші мегаполисте азық-түлік өнімдерін терең өңдеу бағытына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қала берді, салаға жасалған тиімді көмектердің арқасында бірқатар кәсіпкерлік нысандар да ашылуда. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қайнарбұлақ елді мекеніндегі жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. «OtanAgro» ЖШС өнеркәсіптік нысанның құрылысы өткен жылы басталған. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 700 млн теңгені құрайды. Осылайша аталған нысанда алдағы уақытта жылына 380-500 тонна құлпынай өндірілмек. Кәсіпкер өнімді ішкі нарық айналымына және көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Заманауи технологиямен салынып жатқан жылыжайа 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті елді мекен тұрғындарын қамту көзделген. Тамшылатып суғару жүйесі қалыптастырылған кешенде осы жылдың желтоқсан айында қызанақ пен қияр егілмек. Жемісін қаңтар-ақпан айларында алып, сатылымға шығарады. Отандық өнімнің бағасы қолжетімді болады. Аталған жылыжайдың көлемі — 2 гектар. Алдағы уақытта аумағын тағы 2 гектарға ұлғайтып, екіншісін салу жоспарланған. Кешеннің инвестициялық құны шамамен 400-500 млн теңге болады. Жылыжайдың жай-күйімен танысқан қала әкімі отандық өнімді дамыта түсу керектігін алға тартып, әрдайым қолдайтынын жеткізді. Айта кету керек, Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ішкі нарықты қамту көрсеткіші жоғары. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша жергілікті кәсіпкерлермен қажет келісімшарттарға отыру үрдісі жүргізілген. Нәтижесінде баға төмен, сапа бақылауда.