КҮРДЕЛІ ОТАЛАРДЫ ЖАСАУ БОЙЫНША ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ ӨТТІ

0
Үшінші мегаполисте медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары қала аумағындағы бірқатар медициналық нысандардың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңарып келеді. Осының арқасында өте күрделі оталар Шымкентте сәтті жасалуда. Мәселен, жуырда қалалық № 2 ауруханасында жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаевтың жетекшілігімен күрделі оталарды жасау бойынша шеберлік-сыныбы өтті.
Тәжірибе алмасу кезінде аурухана базасында инсульттен келетін қауіпті алдын алу үшін төрт науқастың мидағы қан тамырына күрделі ота жасалды. Операциялар сәтті өтті. Мамандар дер кезінде анықтаған ми тамырларының қауіпті патологиясы мен сәтті жасалған шұғыл ота науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, оның белсенділігін толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Айта кетейік, осыған дейін мұндай оталар Астана, Алматы және шетелдерде жасалатын. Еліміздегі жетекші нейрохирург Бердіходжаевтың қатысуымен өткен шеберлік сыныбында жергілікті дәрігерлер ота жасауда тәжірибелерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Айта кету керек, елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Салаға реформа жүргізілгені де белгілі. Қала берді, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлу жалғасатынын айтты. Сонымен қатар «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп, тиісті сала басшылары мен жергілікті әкімдіктерге тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде өңірлерде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, үшінші мегаполисте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі.

ПІКІР ЖАЗУ