ШЫМКЕНТТЕ ТРАНСФОРМАТОРЛЫҚ ЖАБДЫҚТАР ШЫҒАРЫЛЫП ЖАТЫР
Үшінші мегаполисте өндіргіш өнеркәсіп өркендеп келеді. Қала аумағындағы индустриалды аймақтарда импорттық тауарларды алмастыратын бірқатар өнімдер шығарылуда. Солардың бірі турасында бүгінгі материалымызда тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
«Asia Trafo» – қазақстандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндірушісі құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Зауыт 2018 жылдың желтоқсанында іске қосылды. «AsiaTrafo» Шымкент қаласының «Тассай» индустриялық аймағында 2 га аумақта орналасқан, 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Ұйымның өз қызметкерлерінің қабілеттілігін дамыту негізгі факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан жаңа қызметкерлерді оқыту, өндірістегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру қолға алынған. Біліктілікті арттыру үшін Украина мен Ресейден шетелдік мамандар шақырылды. Зауыттың негізгі шығарылатын өнімдері автотрансформаторлар, күштік май трансформаторлары, сондай-ақ қуаты 500 МВА дейінгі кернеуі 110, 220, 500 кВ реакторлар болып табылады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 000 МВА-дан асады. Зауыт өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие. Қазақстанның Шымкент, Түркістан, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Қарағанды, Атырау, Астана сияқты трансформаторлық қосалқы станцияларында орнатылды. AsiaTrafo жыл сайын ТМД нарығына, сондай-ақ Грузия мен Украинаға кернеуі 110 кВ және одан жоғары трансформаторлық жабдықтардың экспорттық жеткізілімдерінің санын көбейтуде. Айта кету керек, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 70 кәсіпорын қосылып отыр. Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген болатын. Бүгінгі күнге қаламыздың 18 кәсіпорны аталған жобаны енгізіп отырғанын айрықша айта кеткен жөн. Қазіргі таңда қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге қаламыздағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 1009 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді.