«ҮЙ МЕН ҚОРАНЫҢ АРАСЫНА ЖІП КЕРІП ҚОЙДЫҚ» – АҚТӨБЕЛІК ЗАҒИП ЖАНДАР АУЫЛДА ҚАЛАЙ ТҰРЫП ЖАТЫР?

0

Көзі мүлде көрмейтін ақтөбелік ерлі-зайыпты Сергей мен Светлана Островскийлер екі жыл бұрын қаладан ауылға көшіп барған. Ерекше отбасы үй мен қораның арасына жіп керіп, айналаны қолмен сезу арқылы ауыл тірлігін дөңгелетіп отыр, — деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Островский отбасы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Родников ауылында тұрады. Олар 15 жыл бұрын қол ұстасып, шаңырақ құрған. Екеуінің де көзі мүлде көрмейді. Бірақ үй мен қораның арасына жіп керіп қойып, мал ұстап отыр.

«Екі жылдан бері ауылда тұрамыз. Кезінде қалада тұрдық. Зағиптар қоғамында жұмыс істедік. Төрт қабырғада телміріп отырудың өзі ауыр. Ауылда таза ауа. Өзіміз үшін жұмыс істейміз. Ет жегіміз келсе бәрі қолымызда. Өзіміздікі. Ауылда жұмыс жоқ деген бос әңгіме. 200 үйрек алып бақсаң ешкімге күнің қарамайды. Тек жұмыстан қашпау керек. Ауылда ауа райы бұзылған кезде ғана қиналамыз. Жел мен жаңбыр болғанда айналаны сезу қиындап кетеді. Мұндайда жүріп-тұруымыз мұң. Сондықтан үй мен қораның екі ортасына жіп керіп қойдық. Қатты жел мен жаңбыр күні қораға түзу бару үшін», — дейді Родников ауылының тұрғыны Сергей Островский.

Ерлі-зайыптының қаланы тастап кетуіне денсаулық жағдайы себеп болған. Жұбайының айтуынша, жолдасы аллергиядан қиналып, демікпе мазалаған соң ауылға көшуге шешім қабылдайды.

«Жолдасым аллергиядан қиналды. Ауылда тұру идеясын алғашында мен де қолдай қоймадым. Екеуміздің де көзіміз көрмейді. Малды қалай қараймыз деген уайым болды. Біздің бұл ойымызды жақындарымыз да құптамады. Екеуің де көрмейсіңдер, ол жақта сендерге қарайтын адам керек деп шошыды. Жоқ, жайлап бәрін үйрендік. Қиындықтан қорықсаң, бір жерге құлайсың не соғыласың. Өмір қиындықсыз болмайды. 2022 жылы шешімге келіп, Родников ауылынан үй алдық. Басында үш сиырымыз болды. Алғашқы жылы менің ағам көмектесті. Кейін өзіміз игеріп кеттік. Өткен жылы жолдасым құлап аяғын ауыртып алғаннан кейін сиыр ұстамаймыз. Бірақ қой, үйрек, тауық ұстап отырмыз», — деді Светлана Островская.

Ерлі-зайыптының 12 жастағы қызы бар. Музыкалық мектепке баратындықтан қалада оқиды.

Бұрын мал ұстап көрмесе де ауыл тірлігін дөңгелетіп отырған зағип жандарға көпшілік қызыға қарайды. Олардың еңбекқорлығы елгі үлгі болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ