ТҮРКІСТАНДА БАЛА ӨЛІМІ 2 ЕСЕ АЗАЙҒАН

0

Медицина саласының адам өміріндегі маңызы айрықша. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салаға қатысты тың тапсырмаларды беріп, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету сапасын арттыра түсуге айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінде денсаулық сақтау саласына жасалып келе жатқан қолдаулардың көбі белгілі. Соңғы бірнеше жыл ішінде дәрігерлердің айлық жалақысы артты. Медициналық нысандар да күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкес жаңғыра түсті. Ақ халаттылар біліктілігін арттыру мақсатында алыс-жақын шетелдерге барып, тәжірибе алмасып қайтуда.

Бұл ғана емес, жергілікті атқарушы билік те медицина саласының дамуына барлық жағдайларды жасап келе жатыр. Осының арқасында бірқатар өңірлерде серпіліс айқын аңғарылады. Бүгінде ел тұрғындары ауыр оталарды жасату үшін шетелге ағылмай-ақ жергілікті жерлерде дертіне шипа тауып жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласында атқарылып жатқан игі бастамаларды айналып өте алмасымыз анық. Бүгінде шаһарда саланың дамуы қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тікелей бақылауында. Осы орайда, жуырда шаһар әкімінің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, денсаулық саласында көрсеткіштердің орындалуы, қала аумағындағы трансформаторларға қатысты туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары, электр жүйелердің инвест жобаларының атқарылуы, ретсіз сауда жарнамаларын ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Жиын барысында қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бас дәрігердің мәлімдеуінше, биыл облыс орталығында туу көрсеткіші артып, 2024 жылдың үш айында 1618 нәресте дүниеге келген. Ана өлімі тіркелмеген, бала өлімі екі есеге азайған. Бекітілген жоспар бойынша 1 жасқа дейінгі балалар проактивті бақылаумен және скринингпен толыққанды қамтылды. Түркістан қалалық емханасында 1 жасқа дейінгі 2113 бала тіркелген. Салауатты өмір салтын ұстану бойынша үш айды 20 семинар өтіп,  1340 адам қатысқан. Дәрігерлердің өткізген 31  лекциясына 1199 адам қатысқан, 635 адамға жеке түсіндіру шаралары жүзеге асқан.  Қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды ерте анықтау бойынша тұрғындар арасында жоспарлы тексерулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала қазіргі уақытта аса қауіпті деген аурулармен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірдегі медицина саласы заман ағымынан қалмай, дамудың даңғыл жолына түскен. Өткен ғасырдағы жағдаймен салыстырғанда қазіргі таңда жаңа технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Бұл — халық игілігі үшін жасалып жатқан іс. Өз кезегінде, қала әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды ширатып, өзекті мәселелер туындаса, дер кезінде шешу керегін тапсырды.

Айта кетейік, жиын барысында өзге де салаларда атқарылған жұмыстар сараланды. Қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратов өз кезегінде сәуір айының 22 мен 28 күндері қалада 2008 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгенін, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 205 құқық бұзушылық дерегімен Әкімшілік кодекстің 434-2 бабымен хаттама толтырылғанын, абаттандыру қағидаларын бұзған 55 тұлға Әкімшілік кодекстің 505 бабымен жауапкершілікке тартылғанын баяндады. Жиын соңында қала әкімі салалардағы жұмыстарды жандандырып, халық игілігі үшін қызмет ету керегін тапсырды.

 


ПІКІР ЖАЗУ