АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН

0

Жаһанда денсаулық сақтау саласының маңызы артты. Бүгінде адамзат баласына аса ауқымды қатер төндірген дерттің денін ақ халаттылар емдеп жазады. Сондықтан да қоғамда дәрігерлерге деген құрмет те, сый да жоғары. Әсіресе бұл үрдіс пандемиядан кейін маңызды бола түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жастар осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру  жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп атап өткен болатын. Осының өзі елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын айғақтайды.

Адам жанын аурудан арашалайтын ақ халаттылардың білімі мен біліктілігі, тәжірибесі мен түйгені қашан да айрықша маңызға ие. Сәйкесінше, елімізде саналы ғұмырын медицина саласына арнаған білікті дәрігерлер де баршылық. Солардың бірі — Түркістан топырағына еңбегі сіңген жандардың бірі, жоғары санатты инфекционист-дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мүтабар Бекқызы Шерметова. Мүтабар Бекқызын Түркістан қаласында танымайтын, білмейтін адам кем де кем. Дәрігердің көмегі тиіп, аурудан құлан таза айыққан азаматтар бұл есімді ерекше қастер тұтады. Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан жан мұндай жоғары құрметке, әріптестері қызыға қарайтын деңгейге, ел-жұрты жақсы танитын жағдайға асқан еңбекқорлығымен, кішіпейіл де қамқорлығымен, әрбір науқасқа деген ерекше ықыласымен, талай жылдық еселі еңбегімен жеткен. Қолы шипалы дәрігерді бүгінде түркістандық тұрғындар ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен ағылған әлеумет те жақсы біледі. Қош делік, тұрғындар мен көмек сұрап келген көптің дәрігерді сапалы қызметі үшін құрметтейтіні белгілі. Бір қызығы, кейіпкеріміздің адами қасиетін әріптестері де жоғары бағалайтын болып шықты. Әсіресе, бірге істеген, ұжымдас болған ақ халаттылар бұл жанның ақпейіл адамгершілігін айрықша сөз етеді. Кісі баласына қырын қарамайтын кішіпейіл екенін жиі айтады. Тіпті, Түркістаннан шалғайда жатқан Шымкенттегі медициналық мекемелердің қызметкерлері, аудандардағы ауруханаларға қызмет етіп жатқан ақ халаттылар жақсы таниды.

Қоғам үшін ең басты байлықтың денсаулық екенін айтпаса да белгілі. Бұл құндылықтың адам санасына сіңгеніне ғасырлар болды. Ал енді соның ішіндегі ең өзекті де, тіпті дәрігерлердің өз өміріне де қауіп төндіретін, ұстараның жүзіндей лыпылдап тұратын жұқпалы аурулар саласында табан аудармай отыз бес жыл қызмет істеудің қиындығын басынан өткен адам ғана білсе керек. Әрине, мұндай жауапты іске жанқиярлық қажет. Ұзын құлақтан естуімізше, кейіпкеріміздің табандылығын пандемия кезінде науқастар айқын көрген. Беймәлім вирус жаһанды шарпып, талай жанның ғұмырын қиып жатқан уақытта Мүтабар Бекқызы әрбір науқасқа дем беріп, намысын қайрай білген деседі. Жігері жасыған жұрттың еңсесі түскен уақытта «Біз сізді ешкім де бермейміз! Әлі шауып кетесіз! Жасымаңыз!» деп, жанына жалау бола білген дәрігердің арқасында талай жан аяққа тұрып, алғысын жаудырып кеткен. Тіпті, кей науқастар қазіргі күннің өзінде білікті дәрігердің жылы дауысын, адам жанына шипа болар тәтті сөздерін ұмытпаған.

Асылында сөзде құдырет бар. Дәрігер дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де науқастың тәнімен қоса, жан жарасын емдеп жаза алады. Бұл тұрғыдан келгенде, кейіпкеріміздің мамандықтан адаспағанын айқын аңғарамыз. Әйтпегенде ше, отыз бес жылдық саналы ғұмырын адамзатты әлсіретіп, санасын шырмаған аса ауыр дертпен күресуге арнауға асқан ыждағаттылық қажет емес пе?! Қарап отырсақ, дәрігерге қажет саф алтындай таза құндылық пен түсініктер Мүтабар Бекқызына бейтаныс емес. Өйткені әкесі Бек Шерметов — өзінің бар ғұмырын медицина саласына арнаған білікті дәрігерлердің бірі. Талай жыл дерматолог-дәрігер ретінде көпке көмегі тиген. Қазақ «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тектен-текке айтпаса керек. Әкенің өнегелі өміріне қанық болып, өсиеті мен ақылын, бағыты мен құнды кеңесін санасына сіңірген кейіпкеріміз де денсаулық сақтау саласына келді. Жай келген жоқ. Жасындай жарқылдап, айналасына ізгілік нұрын шашып, науқастарға бар мейірімін төге келді. Есте еміс-еміс қалған естеліктерді ақтарсақ, Мүтабар мектепте оқып жүргенде-ақ, әкесінің айналасында, басқа да жерлерде ақ желеңді абзал жандарды көрсе, ерекше сүйіспеншілікпен қарап «Мен де осы кісілердей болсам» деп армандайтын көрінеді. Ал жұқпалы аурулар саласын таңдауына тағы бір ғибратты жан әсер етсе керек. Ол сол кездегі жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Роза Львовна Ким деген өз мамандығын пір тұтқан ғазиз жан болатын.

Мүтабар Бекқызының өнегелі өмір жолына ойыссақ, Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина институтының педиатрия факультетіне 1982 жылы түсіп, 1988 жылы бітіріп келгеннен бері туған жері Түркістанда еңбек етіп келеді. Саланың ауырлығы, жан баласының психологиясына ауқымды соққы әкелер жұмысы кейіпкерімізді ешқашан жасытып көрген емес. Керісінше, дерт дендеп, көмек сұрап келген көптің батасы мен ыстық ықыласын алу үшін жан аямай, уақытпен де санаспай, қажырлы еңбек етіп келеді. Кей жандар жағдайы мен тұрмысын түзеп алғаннан кейін саламен қош айтысып жатса, бұл кісі керісінше, жыл өткен сайын салаға бар жан-тәнімен беріле түсті. Адамның жүйкесін түтіп жейтін сәттерде сабыр таныта білді. Содан да болса керек, кейіпкеріміз «Менің түсінгенім, адам өзі жақсы көрген мамандығынан қаншалықты қиын болса да кетпейді, тіпті, кету туралы ой да болмайды екен» деп, ақырын ғана жымиғанды жөн көреді.

Кейіпкерімізді сөзге тартып көріп едік, тәжірибесінен бөлек түйгені де көп екеніне көзіміз айқын жетті. «Басқа саланы қоспағанда жұқпалы аурулар бөлімшесінде қызмет істегеніме отыз жыл болыпты. Медицинаның қай саласы болсын жеңіл емес. Бірақ, жұқпалы аурудың ең бірінші қиындығы — дұрыс диагноз қою. Өйткені дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, бас айналу, іштің өтуі сияқты жұқпалы ауру белгілері бір-біріне өте ұқсас келеді. Соны ажырата білу тәжірибені, біліктілікті қажет етеді. Екіншіден, жұқпалы аурулар бөлімшесі — жиырма төрт сағат бойы шұғыл көмек көрсететін, «Жедел жәрдем» кестесімен тоқтаусыз жұмыс істейтін қиын участок. Себебі аурулар бізге шұғыл түрде, «экстренно» түседі. Мысалы, басқа аурулар белгілі бір бөлімге талдама тапсырып немесе порталмен, жоспарлы түрде келеді. Ал, бізге сырқаттар ауыр, түсініксіз халде жеткізіледі. Былайша айтқанда, соғыс кезіндегі сияқты жұмыс істейміз. «Тылдағы соғыс» деген дұрыс шығар. Міне, осы жерде аурудың түрін дұрыс ажырата білудің маңызы зор. Әрбір минут қымбат. Тағдыры қыл үстінде тұрған сырқатты аман алып қалу үшін жанталасамыз. Осындай қиын болғаннан кейін жастардың бұл салаға келгісі келмейді. Дәрігер-инфекционист мамандығына аз оқиды. Облыс орталығы болдық. Халықтың саны өсіп келеді. Осыған орай төсек санын да арттыру керек. Алайда бұл саладағы мамандар тапшы. Бір жағы мамандығымыздың қауіптілігіне де байланысты. Бүгінгі таңда біздің бөлімшеде қырықтан астам қызметкер бар. Оның тоғызы — дәрігер. Тоғыз дәрігердің үшеуі — жоғары санатты, біреуі — бірінші санатты, басқасы жастар, әлі санаттары жоқ. Осыншама халқы бар облыс орталығы кеңеюі керек. Осы бағытта шаралар қарастырылып жатыр. Біздің мамандығымыздың, яғни, инфекционистердің қажеттілігі дүние жүзін үрейлендірген пандемия кезінде нақты дәлелденді. Инфекциясыз жұмыс істеу қиын. Мысалы, пышақпен жұмыс істейтін хирургтарға, урологтарға да өте қиын. Тәуекелге бару керек. Бұл арқылы мен өзге саладағы әріптестерімнің қызметін оңай деп отырған жоқпын. Тек әр істің қиындығы басымдау жағын айтып отырмын» дейді ол.

Жалпы адамзат баласы қиын сәтте қол ұшын берген жандарды ешқашан ұмытпайды, ұмытпақ та емес. Алысқа бармай-ақ пандемия кезіндегі қарбаласқа оралайық. Ел бұрындары беймәлім болған ауыр вируспен күресіп, ауруханаға ағылған уақытта ақ халаттылар өз өмірін қатерге тігіп, көзсіз ерлік көрсетті. Содан да болса керек, қиын кезеңде науқастарды дертінен айықтыру үшін ауқымды іс тындырып, тәжді вируспен алысқан Түркістан қаласының денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сайлаубай Өскенбаев, Мамаджан Салиев сынды білікті мамандарын қала халқы әлі ұмытпады. Керісінше, құрмет артып, ел арасындағы абыройы асқақтады. Міне, осындай арда азаматтардың атқарған ісі біздің кейіпкерімізді де қанаттандыра түскен тәрізді. Өз сөзінде «Біздің алдымызда осындай аға буын әріптестеріміз болды. Біз олардан үлгі алдық. Бірге қызмет істедік. Осындай абзал азаматтармен бірге жұмыс істегенімізге қуанамын. Біздің олардан үйренетініміз көп еді. Оларға халықтың, дәрігерлердің өзінің құрметі қандай еді! Әріптестердің өзара сыйластығы да керемет болатын. Ол кезде мына менің жасымдағы әріптестерден үлгі алатын. «Мен осындай дәрігер бола алам ба?» деп қызыға қарайтынмын еңбек жолымды бастаған кезде. Жалпы, менің осы мамандықты таңдауыма жоғарыда айтып өткен Роза Львовна Ким деген өз ісіне шын берілген, өте білікті бөлім меңгерушісінің әсері болды. Оның адамгершілігі, адамдармен қарым-қатынасы, сабырлылығы, жеке басының үлгісі мені осы мамандыққа алып келді. Қазіргі жастар да сол үлгі алатын дәрігер» дейді Мүтабар Шерметова. Қарап отырсақ, тәжірибелі мамандардың өнегелі өмір жолы қиын салаға талай кәнігі маманның келуіне себепші болған. Бұл үрдіс әлі де жалғасарына сеніміміз мол. Өйткені біз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің тәжірибесіне қанық болып, тәлімін алған жастар жетерлік. Міне, солар болашақта саладағы жұмысты жемісті етіп, ақ халаттыларға деген құрметті арттыра түспек. Әріге бармай-ақ қояйық, қазіргі уақытта кейіпкеріміздің қызы мен келіні медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатыр. Кіші ұлы да медициналық университетте білім алуда. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер әулеті десек қателеспейміз. Өйткені қазірдің өзінде бір шаңырақ астында бірнеше дәрігер тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

Қалың оқырманның жадында болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан болатын. Өз сөзінде «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген еді. Міне, мемлекет басшысы атап айтқан еңбек адамының образын Мүтабар Шерметованың мысалынан айқын көре аламыз. Берекелі бүгініміз бен жарқын болашағымыз әрбір саланың дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтарға байланысты десек, біз тарқата баяндаған кейіпкеріміздің ғұмыры талай жасқа сәулелі нұр шашып, бағыт-бағдар көрсетеріне кәміл сенімдіміз!

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ