ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНА ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау мекемелеріне қойылып отырған талап қатаң. Медициналық қызметтің сапасы да аса жоғары бақылауда. Сәйкесінше, еліміздің әрбір өңірінде жұмыс сапасы бақыланып, қызмет алушылар мен науқастарға қолайлы жағдайдың жасалғанына көз жеткізіліп келеді. Тарқата баяндайтын болсақ, бүгінгі күнде аурухана мен емханалардың қызметін қоғамның әрбір мүшесі кедергісіз тұтына алуы тиіс. Сондықтан тиісті сала басшылары мен мамандары өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысына мониторинг жұмыстарын жүргізуді кешенді түрде қолға алып келеді.
Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында орналасқан медициналық нысандардың жұмысына жүргізілер қадағалау жұмыстарының маңызы айрықша. Өйткені еліміздің рухани астанасына Түркістан облысының түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеген мыңдаған тұрғын ағылады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ауруханаларда еркін қозғалуы, қызмет алуда кедергілердің болмауы сынды мәселелердің маңызы айрықша. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспарына» сәйкес, мемлекеттік қызметтерді алудың қол жетімділігін және халыққа қызмет көрсету барысында қолайлы жағдайлар қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қалалық орталық ауруханасында қоғамдық бақылау жүргізілді.
Қоғамдық бақылау барысында, Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі З.Чалданов және Департаменттің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас мамандары Ж. Қамбар, Г. Еділқызы тарапынан көрсетілетін қызметті беруші қызметкерлерінің құзыреттілігі, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайы, қызмет алушыларға арналған қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының болуы бақыланды. Бұл ретте, қоғамдық бақылау шаралары ай сайын түрлі салалар бойынша қызмет көрсететін мемлекеттік органдарда жүргізілетін болады. Бақылау барысында, заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталмады. Сарапшылар тобының пікірінше, медициналық қызметтің сапасы қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды. Өйткені ел тұрғындарының сапалық көрсеткіші мен медицинаның әлеуеті экономикада айрықша басымдыққа ие. Сондықтан өркениет сынды өрсі кең жолға түскен елімізде әрбір қызмет алушыға айрықша жағдай жасалуы тиіс. Ал мониторинг жұмыстарының қорытындысына сәйкес, Түркістан қалалық орталық ауруханасында өрескел заңбұзушылықтар анықталған жоқ.