ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНА ҚЫЗМЕТІНЕ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРІЛДІ
Бүгінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Сәйкесінше, еліміздің түкпір-түкпіріндегі медициналық қызметтің сапасын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арнайы бақылап, тиісті шараларды көріп келе жатыр. Осы орайда, жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан жұмыс сапары аясында Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұмысымен танысқан болатын.
Тарқата баяндасақ, жоғарыда атап өткен Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Қыдырбаев аурухананың қабылдау бөлімін, травматологиялық бекетін, консультативті-диагностикалық қызметтер бөлімшесі мен ота бөлімінің рентгенхирургия ота залын аралап, жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Сонымен қатар мекеме басшысы Б.Берденовпен стационарлық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру, одан әрі дамыту, тарифтеу мен қаржыландырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Әңгімелесу барысында пациенттерді емдеуде енгізілетін инновациялар да атап өтілді. Мысалы, заманауи эндовидеохирургиялық кешендерді пайдалана отырып, кеуде, ретроперитонеальді кеңістіктің, іш және кіші жамбас органдарының ауруларына аз инвазивті эндо және лапароскопиялық оталар жүргізу практикасы белсенді қолданылатыны, ағымдағы жылдан бастап мұнда тізе жамбас буындарын протездеу мен ревизия әдістері енгізілдігі, туа біткен жақ – бет аномалияларына әртүрлі реконструктивті – пластикалық оталар жасалатыны, соңғы 6 айда «Euroampli Alien Cardio 3030», жылжымалы ангиографиялық жүйесі арқылы коронография, стенттеу, ангипластика, эмболизация бойынша 700-ден аса ота жасалғандығы, сонымен қатар кардиовертерді дефибриляторды импланттау және есту аппараттарын импланттау бойынша жоғарғы технологиялық медициналық қызмет түрлерінің енгізілгендігі баяндалды. Өзінің жұмыс сапарын қорытындылай келе, Ілияс Мұхамеджан аурухана әкімшілігінің қаржылық, еңбек және материалдық ресурстарын сауатты басқаруының, жақсы қойылған жоспарының, дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлердің жоғары біліктілігінің арқасында аудан халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі жақсы деңгейге жеткізілгенін атап өтті.