ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

0

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызы айрықша. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деген болатын. Сонымен қатар Ел Президенті еліміздегі медициналық нысандардың қызмет сапасын арттыруға айрықша көңіл бөліп келе жатыр.

Осы орайда, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Қазіргі уақытта еліміздегі ең озық медициналық орталықтар мен жергілікті атқарушы билік арасынла түрлі әріптестік мақсатты көздейтін меморандумдарға қол қойылып жатыр. Жуырда мұндай маңызды құжатқа Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы басшылығы қол қойған еді. Іле-шала облыс аумағы мен Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтті. Мұндай маңызды бастама денсаулық сақтау саласына заманауи әдістерді енгізуге, әріптестік байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, жергілікті медициналық мекемелермен ғылыми-клиникалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мұның шарапатын түркістандық тұрғындар айқын көрді. Тарқата баяндасақ,  Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының мамандары, атап айтқанда, невролог — нейрофизиолог қозғалыс бұзылыстарының маманы Мырзахметов Махмут Муратович, жоғары санатты дәрігері травматолог — ортопед Кабдешов Асхат Кабдешович Түркістан қалалық емханасына келіп, науқастарды қабылдап, қажет кеңестерді берді. Сонымен қатар жергілікті медицина саласының мамандарына құнды кеңестер айтып, дертті жазу мен тексеру бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді көрсетті.

Айта кетейік, ҚР ПІБ Медициналық орталығының білікті мамандары облыс тұрғындары үшін нейрохирургия, пульмонология, эпилептология, кардиологияны қоса алғанда, түрлі медициналық бағыттар бойынша Түркістан қалалық емханасында тегін практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті. Аталған игі бастама еліміздегі медициналық көмекті жетілдіру, денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі стратегияны жетілдіру сынды маңызды мақсаттары көздейді. Түркістан қаласында ұйымдастырылған іс-шарадан ақ халаттылардың ауқымды да құнды тәжірибелерді алғаны айқын. Алдағы уақытта іс-шаралар легі еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын таппақ.


ПІКІР ЖАЗУ