ВИЦЕ-МИНИСТР АУРУХАНА ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ

0

Түркістан қаласында соңғы бірнеше жылда бірқатар медициналық нысандар салынды. Бұл ғана емес, біраз медициналық нысандардың базасы нығайды. Денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жұргізілді. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғырды. Осының арқасында облыстың түкпір-түкпірінен келген науқастар Түркістан қаласындағы медициналық нысандардың жоғары сапалы қызметінің арқасында дертіне шипа табуда. Саладағы серпіліс министрлік тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін нақты деректерді келтірейік.

Ағымдағы жылы Түркістан қаласына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова келген болатын. Сапар барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Тарқата баяндайтын болсақ, жұқпалы аурулар бөлімшесіне барып, тұмау, қызылша, көкжөтел және жедел респираторлы вирусты инфекцияларымен байланысты жағдайды бағалады. Сапар барысында вице-министр аурухана басшысы Бекзат Берденовтен ағымдағы эпидемиологиялық жағдай мен инфекцияға қарсы медициналық көмектің, оның ішінде шұғыл көмекті ұйымдастыру деңгейі және перспективалық жоспарда жетілдіру жолдары туралы ақпарат алды. Сондай -ақ аурухана қызметкерлерімен қызылша және көкжетелге байланысты профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды талқылады.

Тәулік бойы медициналық көмек көрсететін аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің төсек қоры – 95 төсек, оның ішінде балаларға арналған төсек орын саны – 65, ересектерге арналғаны – 30. Құрылымында реанимация және қарқынды терапия палаталары – 6. Өзінің клиникалық-диагностикалық зертханасы қажетті диагностикалық жабдықтарымен жабдықталған. Ол қатарда УДЗ, рентген, ӨЖЖ аппараттары сынды диагностикаға қажет заманауи талаптарға жауап бере алатын құрылғылар бар. Қазіргі таңда бөлімшеде 89 пациент ем алуда, оның ішінде 48 ЖРВИ, 12 қызылша диагноздарымен жатыр. Айжан Есмағамбетова эпидемиологиялық мониторингке, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге қатысты барлық мәселелерді үнемі бақылауда ұстайтынын және аурухана қызметкерлеріне күрделі және жауапты жанқиярлық жұмысы үшін алғысын білдіріп, аурухана жұмысына оң баға берді.


ПІКІР ЖАЗУ