ТҮРКІСТАНДА ҚУЫҚАСТЫ БЕЗІ АРТЕРИЯЛАРЫНЫҢ ЭМБОЛИЗАЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ

0

Денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызы айрықша. Сондықтан елімізде мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың қарасы қалың. Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алғашқы жәрдем адамдарға барынша жақындатылуы тиіс. Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қол жетімді болуы керек. Сонымен қатар, алдағы уақытта қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемге бөлінетін қаржыны, осы салаға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемінің 60 пайызына дейін арттыру қажет. Нәтижесінде 2025 жылға дейін алдын алу шараларына ғана бөлінетін қаржы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді» деген болатын.
Жасыратыны жоқ, бүгінде науқастардың Астана мен Алматыға ауыр оталарды жасату үшін ағылмауының алдын алу үшін еліміздің әрбір өңіріндегі медициналық орталықтардың материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жаңғыртуға баса көңіл бөлінді. Нәтижесінде Түркістан қаласында бірнеше заманауи орталықтар бой көтерді. Біліктілігі жоғары кәсіби мамандар шоғырланды. Осының арқасында көптеген науқастар облыс орталығының өзінде дертіне шипа шауып жүр. Мәселен, бұған дейін Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Б.Берденовтің нұсқауымен шеберлік класы аясында Алматы қаласының «Керуен» клиникасының жетекші рентгенэндоваскулярлы хирургі, Рhd докторы Ғалымжан Әзімбаев стационардың ангиохирург, уролог дәрігерлерімен бірлесіп, простата артерияларының алғашқы эмболизациясын жасаған болатын. Пациент – 70 жастағы ер адам. Ол бірнеше жылдан бері қуықасты безінің қатерсіз аденомасымен сырқаттанып, зәр шығаруы қиындаған. Науқаста қосымша жүрек-қан тамырлар патологиялары сынды қарсы көрсеткіштері болғандықтан, дәстүрлі хирургиялық араласуға бармай цистостома орнатуды қажет еткен. Бұл — жағдайда катетер зәрді шығаруға және бүйректі гидронефроздан қорғауға мүмкіндік беретін мәжбүрлі шара.
Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы – 40 жастан асқан ер адамдарда жиі кездесетін аурулардың бірі. Простата аденомасының артериялық эмболизациясы – соңғы жылдары әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданыла бастаған жаңа әдіс. Бұл — қазіргі заманғы аз инвазивті озық емдеу әдісі, стандартты хирургиялық араласуға қарсы көрсеткіш болып саналатын декомпенсацияланған жүрек-қан тамырлар патологиясы, қант диабеті және басқа да қатар жүретін қосалқы аурулары бар науқастарға балама отасы болып табылады. Бұл әдістің негізгі артықшылығы – кесусіз және жалпы анестезиясыз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалуы. Эмболизация – бұл аденоманы қоректендіретін артерияларды эмболдармен бітеп, қанмен қамтамасыз етілуін тоқтату. Бұл жағдайда простата безі өте тез, айтарлықтай кішірейіп, зәр шығару біртіндеп қалпына келеді және бұл біздің пациентке цистостомиядан арылуға көмектеседі. Нәтижесінде қалыпты өмір сапасы жақсарып, аденомаға қарсы препараттарды қабылдау қажеттілігі жоғалады. Процедураның асқынуы өте сирек кездеседі, реабилитация уақыты 1-2 күнді алады, оны жүргізу кезінде және одан кейін ауырсыну болмайды. Аденомамен простата эмболизациясының мүмкіндігін науқасты тексергеннен кейін бірқатар көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштер бар жоғын уролог дәрігері анықтайды. Отаға оралсақ, пациенттің ахуалы бірден жақсарған. Бұрындары сезілетін ауырсыну да жоғалған. Әрине, мұндай нәтижеге қолы шипалы, тәжірибесі мол дәрігерлердің арқасында қол жетіп отыр. Мұндай әдіс алдағы уақытта да өңірдегі медицина саласында кеңінен қолданыла бермек.


ПІКІР ЖАЗУ