ҮЗДІК МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0

Медицина саласының қоғам үшін маңызы зор, міндеті ауқымды. Сондықтан да денсаулық сақтау ісіндегі жұмысты ілгерілету бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Жыл сайын Қазақстанда медицина қызметкерлері ауқымды түрде аталып өтеді. Бұл жолы да атаулы дата қарсаңында Түркістан облысында ауқымды салтанатты шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған мамандарды «Еңбек ардегері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар өз сөзінде «Өңірде денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым бар. Барлық  медициналық мекемеге – 2 млн 100 мыңға жуық адам тіркелген. 2024 жылы 8 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүрігізу қолға алынып отыр.  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жоба аясында облысымызда биыл  49 медициналық нысаның құрылысы басталды. Сонымен қатар балалар арасында мүгедектіктің алдын алу мақсатында Қапланбек ауылында 600 орындық оңалту орталығы ашылды. Облыс бойынша өзекті мәселердің бірі, кадр тапшылығы және біліктілігі. Аталған мәселе бойынша 2023 жылы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен 60 грант резидентураға берілсе,  ал биыл  139 грант бөлініп отыр» деп атап өтті. Дәл осы маңызды жиында Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлы «Қазақстан Республикасының Денсаулык Сақтау ісінің Үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал акушер-гинеколог дәрігері Джургабаева Асем Ерболатқызы «Үздік акушер-гинеколог» номинациясымен марапатқа ие болды. Марапат алып, мерейі үстем болған ақ халаттыларды редакция атынан құттықтаймыз.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде медицина мамандарын қолдау шаралары қарқынды түрде жалғасып келе жатыр. Мәселен, былтыр 43 бейінді маман әлемдік озық клиникаларында тәжірибесін толықтыра түсуге мүмкіндік алды. Ал биыл дәл осы мақсатпен 32 маман оқуға жіберіледі. Сонымен қатар, 600 орта буынды медициналық қызметкерлерге Израиль мемлекетінен 2 білікті тәжірибелі оқытушыны шақырту арқылы көшпенді цикл ұйымдастыру жоспарланып отыр. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облысының медициналық мекемелерінде күніне 200-ден астам ота жасалады. Бұл – Қазақстандағы жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Бір ғана мысал, биыл күнгейде 30 млн-ға тарта клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Аудандардағы денсаулық сақтау ісін дамыту мақсатында төрт көпбейінді ауданаралық аурухана құру жоспары тағы бар.


ПІКІР ЖАЗУ