МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласына көрсетілетін қолдау артты. Бұл сала турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайын жарияланатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша айтып, тиісті тапсырмаларды жүктейтіні баршаға мәлім. Сәйкесінше, бұл бағытта қазіргі уақытта ауқымды бастамалар көтеріліп жатыр. Оның ішінде дәрігерлердің біліктілігі және кадрлық әлеуетті арттыру, медицина саласында көрсетілетін қызметтің сапасын жоғарылату, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша да түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр.
Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттарының басты назарында. Қазіргі уақытта арнайы жиындар мен мәжілістерде, қала берді, мәслихат отырыстарында біз сөз еткен бағыттағы жұмыстар жайы баяндалып, нәтижелері таныстырылуда. Мәселен, жуырда Түркістан қалалық мәслихатының кезекті он тоғызыншы сессиясы өткен болатын. Аталған жиынды қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы ашып, жүргізіп отырды. Сессия отырысына қала әкімінің орынбасарлары Мекенхан Қозыханұлы, Талғат Байжанұлы және қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары қатысты. Жиын барысында 2023 жылғы қалалық бюджеттің атқарылуы туралы, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат және Мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімдеріне жүктелген міндеттер мен функциялардың 2023 жылғы қорытындысы және 2024 жылдың есепті кезеңінде атқарған жұмыстары жөніндегі есептері тыңдалды. Бұл ғана емес, аталған сессияда Түркістан қаласында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы» және қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының барысы туралы да баяндалды. Жиын соңында депутаттар тарапынан күн тәртібіндегі мәселеге байланысты біршама сұрақтар қойылып, ол өз деңгейіндегі жауаптармен толықтырылды. Көрсетілген мәселе бойынша ұсыныстар бірауыздан мақұлданып, шешім қабылданды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта тарихи қаладағы денсаулық сақтау ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде қаладағы денсаулық сақтау мекемелері бірқатар жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, Түркістан қалалық орталық ауруханасы базасында бірнеше күрделі ота сәтті жасалды. Мұндай жетістікке дәрігерлердің әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасуы мен Түркістанға халықаралық деңгейде мойындалған білікті дәрігерлердің келіп, тәжірибе алмасуының арқасында қол жетіп отыр. Бұған дейін тарихи шаһарға түрік елінің білікті медицина мамандары келіп, ота жасаған болатын. Осының арқасында өңірдегі ақ халаттылар ота жасаудағы біршама тың тәсілдерді сынап көріп, жетістікке жетіп жатыр. Бұл ғана емес, шаһардағы медициналық мекемелерде жұмыс істейтін білікті кадрлар республикалық деңгейде өтетін түрлі шараларға арнайы шақырылып жатыр. Мәселен, Астана қаласында өткен «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында Түркістан қалалық орталық ауруханасының терапия бөлімшесінің меңгерушісі Камагүл Мәдиқызы көпшілік алдында баяндама жасап, «Мейірім-жүректен» төсбелгісімен марапатталған болатын. Мұндай білікті кадрлар шаһарда көп. Нәтижесінде шұғыл шешім қабылдап, диагноз қоятын сәттерде түркістандық ақ халаттылар жаңылыспай, аурудың түп тамырын тап басып, тиісті шешімдер қабылдаудың арқасында көптеген науқастың өмірін сақтап қалуда. Бұдан бөлек, өңірде орта медицина қызметкерлері мен білікті дәрігерлерді даярлайтын оқу орындары да жемісті жұмыс істеп келеді. Мұндай оқу орындарының басшылығы қаладағы ауруханалар мен емханаларда жемісті жұмыс істеп келе жатқан білікті дәрігерлермен келісімге келген. Осының негізінде күнделікті өмірде науқастарды қабылдап, олармен жұмыс істеп жатқан дәрігерлер студенттерге дәріс өтіп, білгенімен бөліседі. Мұның өзі болашақ жас кадрлардың оқу орны қабырғасында жүріп-ақ тәжірибе жинауына мүмкіндік бермек.
Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөледі. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі, осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі — соның айқын дәлелі. Түптеп келгенде, мұның бәрі салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді» деп атап өткен болатын. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстар шаш-етектен.