ЖЕРГІЛІКТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ БАСШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

0

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қолданысқа енгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында көптеген медицина нысандары бәсекеге түсті десек, артық айтқанымыз емес. Бұл, өз кезегінде, еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінде материалдық-техникалық базаның нығаюына, дәрігерлердің біліктілігінің артуына, қызмет көрсету сапасының жоғарылауына себепші болды. Салада қаржыландыру деңгейі екі еседен астам өсті. Мұның өзі денсаулық сақтау ісінің ілгерілеуіне мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ өңірлік филиалдары да жергілікті медициналық нысандармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасап, сәтті жұмыс істеп келе жатыр.

Жуырда ғана Түркістан қаласында біз сөз еткен қордың өңірлік филиалы мен Түркістан қаласынан орын тепкен медициналық мекемелер қатысуымен ауқымды жиын өтті. Оған облыс орталығындағы Түркістан қалалық емханасы, Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің консультативтік-диагностикалық клиникасы, «Даниямед» ЖШС, «Талғат» ЖШС, «Амина» ЖШС, «Доктормедикал» ЖШС, «Jacksoft MDS. Клиника» ЖШС, «Ақзере-ТМ» ЖШС, «Рауан» ЖШС, «Санитас» ЖШС, «Ақмарал» ауруханасының мамандары мен басшылары қатысты. Жиын барысында қордың өңірлік филиалы мамандары науқастармен кері байланысты нығайту, медициналық қызмет сапасын арттыру бағыттары бойында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл ғана емес, қор филиалы мен медициналық ұйымдар өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Құжат Қор филиалының медициналық қызмет көрсетушілермен МӘМС жүйесінің қазіргі заманғы аспектілері туралы ақпаратты тарату бөлігінде ғана емес, сондай-ақ оқытудың тиімді стратегияларын әзірлеу және іске асыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барлық қатысушыларының қажеттіліктерін есепке алу бөлігінде бірлескен және жоспарлы жұмысын көздейді. Қор филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Бағлан Базарбекұлы атап өткендей, бұл ынтымақтастық тиімділікті арттыруға және медициналық қызмет көрсетуді үйлестіруге мүмкіндік береді, соның арқасында медицина қызметкерлеріне жүктеме азаяды. Бұл өз кезегінде жүйенің барлық қатысушыларының қанағаттанушылығын арттырады. Филиал өз кезегінде пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде медицина қызметкерлері басшылыққа алатын стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілерге ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етуге ниетті.

Айта кетуіміз керек, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 16,2 миллион адам кіреді. Бұл ретте 12 млн адам жарналарын мемлекет төлейтін жеңілдікке ие санаттарға жатады. Оған қоса 2 миллион жуық мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері бар.

 


ПІКІР ЖАЗУ