ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР 4 НАУҚАСҚА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

0

Дансаулық сақтау саласының қоғам өміріндегі маңызы мен міндеті зор. Әсіресе, жаһанды жайлаған пандемиядан кейін аталған салаға айрықша көңіл бөліне бастады. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданып, еліміздің әрбір өңірінде ауқымды бастамалар жүзеге асып келе жатыр. Аталған құжат медицина саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруды, материалдық-техникалық базаны жаңғырып, заман талабына сай етуді көздейді. Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша да кешенді шараларды біріктіреді.

Аталған тақырып турасында сөз қозғалғанда, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстарды айналып өте алмасымыз анық. Өйткені тарихи қала облыс орталығына айналған бірнеше жылдың ішінде ілкімді істер жүзеге асырылды. Облыс орталығының дәрігерлері шетелде біліктілігін арттыру сынды маңызы зор бастамаға қатысып, қаладағы денсаулық сақтау ісі ілгеріледі. Қалаға қарасты ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жаңғырып, жаңарып келе жатыр. Нәтижесінде түркістандық ақ халаттылар салада ауыр саналатын күрделі оталарды сәтті жасап, қаншама науқастың өмірін құтқарып қалуда. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін деректерді алға тартайық. Биылдың 1-2 тамыз күндері Түркістан  қалалық  орталық  ауруханасында IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған 4 пациентке жоғары технологиялық «Кохлеарлық имплантация» отасы сәтті өткізілген болатын. Ал оған дейін ауруханаға Шымкент қаласының 2 тұрғыны, Кентау және Түркістан қалаларынан 1 тұрғыннан көмек сұрап келген болатын. Нәтижесінде 1972, 1986, 2019 және 2020 жылдары туған науқастарға жоғарыда біз сөз еткен күрделі ота жасалды. Нәтижесінде уәкілетті орган — Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бірлескен комиссия шешімімен отаға жіберілетін тізімі көрсіткіштерге сәйкес жасақталған. Түркия мемлекетінің Анкара қаласының «Гази» университеті мен Түркістан қалалық орталық аурухананың біріккен меморандумы аясында профессор Режеп Карамерттің болысуымен облысымыздың жетекші стационар-оториноларингологы Гүлжан Конысовамен бірге жоғарыдағы пациенттерге «Med EL» компаниясының импланттары тағылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін кезекті 16 ота жоспарға қойылды.

Қазіргі уақытта отадан шыққан пациенттердің ахуалы жақсы. Көңіл күйлері де жоғары. Келесі отадан кейінгі реабилитация кезеңіне дайындалып жатыр. Айта кетуіміз керек, бұған дейін мұндай күрделі де ауыр оталар еліміздің Алматы және Астана қалаларында ғана жасалатын. Десе де материалдық һәм техникалық базаның нығаюымен, сонымен қатар білікті дәрігерлердің шетелдерде тәжірибе алмасуының арқасында 2023 жылы Түркістанда алғаш рет жасалды. Нәтиже де жаман емес. Мәселен, былтыр 5 науқас ауруханаға көмек сұрап келсе, бүгінде олардың бәрі ауруынан айығып, есту қабілеті жақсарып, белсенді өмір сүру салтын ұстанып жүр. Айта кетейік, Анадолы топырағынан келген профессордың білімі мен тәжірибесі үлкен. Сондықтан да аурухана басшысы Бекзат Берденов профессор Режеп Карамертті қабылдап, оториноларингологиялық көмекті дамытудың ең озық әдістемелерін аурухана тәжірибесіне енгізу жайлы және екі мекеме арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар басшы «облыс және көршілес өңір тұрғындарын қамту, пациенттерге жоғары сапалы және нәтижелі оториноларингологиялық  көмектің осы әдісін қолжетімді етіп, әрі қарай дамыту» — аурухананың негізгі мақсаттарының бірі екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, жоғарыда сөз еткеніміздей, Түркістан қаласында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын ұстануды насихаттайтын ауқымды шара жалғасын тауып келе жатыр. Бұл ғана емес, ұлттық жоба бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Тарқатар болсақ, өткен жылы күнгейдің неонатолог, анестезиолог-реаниматолог,акушер-гинекологтар, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы сынды 43 медицина маманы шетелде біліктілігін арттырып қайтты. Оның ішінде Мәскеуде 30 дәрігер оқыса, Санкт-Петербургте 6 дәрігер және Ыстамбұлда 7 дәрігер білімін жетілдіріп, тәжірибе жинаған. Ал биыл бұл бастама жалғасын таппақ. Нақтырағы, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар травматологы, уролог және кардиологтардан жасақталған 32 ақ халатты шетелде тәжірибе алмаспақ. Бұл ғана емес, күнгейде халықаралық деңгейде өзін дәлелдеген білікті мамандарды шақырту арқылы жергілікті сенсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ісі де көзделіп отыр. Мәселен, ағымдағы жылы медицинасы қарыштап дамыған Израиль елінен 2 оқытушы маманды шақырту арқылы 600-ге жуық жергілікті маманның біліктілігін арттыру көзделген.


ПІКІР ЖАЗУ