МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ САПАЛЫ МАМАНҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ

0

Қалың оқырманның жадында болса, бұдан біршама уақыт бұрын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған еді. Медицина саласының әлеуетін арттыруды көздейтін аталған құжаттағы басым бағыттардың бірі – сапалы да білікті, тәжірибелі де қабілетті медицина қызметкерлерін даярлау. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласының мемлекеттік жобаны жүзеге асыруға сіңіріп жатқан еңбегі орасан. Өйткені қалада медицина қызметкерлерін даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орны бар. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Біз сөз еткелі отырған жоғары оқу орны — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Бүгінде қоғамның сан түрлі саласына сапалы мамандар даярлап жатқан білім мекемесінде медицина факультеті бар. Бұл факультет алғаш болып 1991 жылы ашылды. Бастапқыда 100 студент қабылдап, білім мен машыққа үйретті. Уақыт бір орында тұрмайды. Мықты профессорлық-оқытушылық құрамның арқасында факультеттен түлек ұшқан түлектер өздерінің бәсекеге қабілетті екенін іс жүзінде көрсетті. Осының арқасында оқу орнының білімін алғысы келетін жастардың саны артқан. Қазіргі уақытта бакалавриат бағдарламасы негізінде 3 мың студент, магистратура, докторантура бағдарламасы бойынша 35 азамат білім алып жатыр. Мекеменің білім деңгейі халықаралық деңгейде мойындалған десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені қазірдің өзінде факультетте 17 мемлекеттен 41 ұлттың өкілдері білім алып жатыр. Оларға сапалы да білікті 500-ге тарта оқытушы-профессорлар білім беруде. Факультеттің ауқымы үлкен. Бүгінде 9 кафедра жұмыс істеп жатыр. Олар — Адам морфологиясы және физиологиясы, Акушерлік іс және гинекология, Арнайы клиникалық пәндер, Жалпы хирургия, Жедел медициналық жәрдем, Педиатрия, Пропедевтика және ішкі аурулар, Профилактикалық медицина, Хирургиялық аурулар. Қазіргі таңда денсаулық сақтау бағытында білім беру бағдарламаларын іске асыра отырып, оқу бейінін айқындайтын бір немесе бірнеше сабақтас білім беру бағдарламалары бойынш амамандар дайындайтын, сондай-ақ оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орнының медицина факультеті құрамына кіретін мамандықтарға қатысты барлық кафедралар мен зертханаларды біріктіреді. Факультет мақсатын сұрағанымызда «Біздің негізгі мақсатымыз — денсаулық сақтау саласындағы білімді, тәжірибені және ғылыми жаңалықтарды меңгере отырып, жалпы халыққа алғашқы және жоғары мамандандырылған үздіксіз  медициналық көмекті  көрсете білетін, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Қожа Ахмет Ясауи университетіндегі іргелі білім ошақтарының бірі — Медицина факультеті. Факультеттің құрамына енетін кафедралардың оқу, тәрбие және ғылыми жұмыстарына басшылық жасайды. Оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік бағытын үйлестіреді. Құрылымның даму стратегиясын әзірлеп, жұмыс берушілермен байланыстар орнатады. Мамандар дайындау бағыттары бойынша денсаулық сақтау қызметінің нарығын зерделейді» деген жауап алдық. Кейіннен зерттей келе қарасақ, факультетте сапалы білім алуға барша жағдайлар жасалыпты. Мекеме жаңа үлгідегі оқу ғимараттарымен, зертханамен, заманауи талаптарға толық жауап беретін университет клиникасымен, симуляциялық орталықпен қамтылған.

Заман ауып, уақыт жылжыған сайын материалдық-техникалық базаның ескіретіні, жаңасына ауыстыру керегі белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, сапалы маман даярлауға қажет құрылғылар үнемі сатып алынып келеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында жаңа микробиология лабораториясы және анатомиялық оқу құралдары алынған. Тәжірибе алмасу ісінің жолға қойылғанын да айта кеткеніміз жөн. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында өткен жылы университеттің 17 студенті Түркияның белді де беделді білім ордаларында оқып қайтқан. Сапалы маман даярлау мақсаты бойынша түрік елінің Гази университетімен стратегиялық серіктестік орнатылған. Бұл факультетке түскен студенттер ағылшын мен түрік тілдерін тегін меңгере алады. Өйткені тегін курстар ұйымдастырылған. Осының арқасында медицина саласына қатысты халықаралық деңгейдегі жаңалықтар мен өзге де ақпараттарды білуіне мүмкіндік бар. «1 курстан бастап ғылым мен айналысу үшін факультетте көптеген ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Студенттердің ғылыми қоғамы жұмыс істейді, ол 5 ғылыми үйірменің негізінде құралған. Студенттердің қоғамдық жұмыстармен айналысуына да жағдай жасалған, соның айғағы — медицина факультет студенттерінің Дүниежүзілік және Қазақстан медицина жастары ассоциясының мүшелігіне сайлануы. Бүгінгі күні факультетте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту» туралы бұйрығына сәйкес, «Үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламасы» 2022 жылдан оқу үдерісіне енгізіліп жұмыс істеуде. Осы бағытта Түркия Республикасы Гази университетімен бірлескен жаңа үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламаларын енгізу  жоспарлануда. Факультет студенттері үшін университетіміздің клиникасы – Клиника-диагностикалық орталығы және Түркістан және Кентау қаласындағы 17 клиникалық базалар қызмет көрсетеді» дейді факультет басшылығы. Факультеттің өткеніне көз жүгіртсек, бірінші декан болып медицина ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Бекмұратов тағайындалған. Бертін келе факультетке медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.Н.Шалхаров, медицина ғылымдарының кандидаты Б.К.Жунисов, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент М.С.Жүнісов басшылық еткен. 2018 жылдан бері қарай факультет тізгінін медицина ғылымдарының докторы, профессор Ы.С.Молдалиев өз қолына алып, жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Факультет ашылған жылдардан бері талай білікті мамандар, ардагер ғалымдар студенттерге дәріс оқып, қаншама құнды кеңес берген. Олардың қатарында «Хирургиялық аурулар» кафедрасының қабырғасын қалаған алғашқы кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор М.М.Ахметов, «Терапия» кафедрасының алғашқы меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Б.С.Калмурзина, «Педиатрия» кафедрасының алғашқы меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор К.А.Асканбаева, гигиена-эпидемиология маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.К.Керимбеков, терапевт, медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ш.Шалхаров, невропатолог, профессор Х.Б.Бралов, фармаколог, профессор О.М.Мырзагалиев, профессор М.Р.Рысулы, офтольмолог, профессор А.Т.Сагалов, травматолог, профессор А.Б.Болгаев, патолог-анатом профессор Ж.Б.Ахметов, гистолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент С.А.Ажаев, биохимия маманы, биология ғылымдарының докторы, профессор Р.Д.Дильбарханова, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор И.А.Ташев сынды алтын қолды дәрігерлер мен білікті мамандар бар. Осының арқасында факультет ашылған уақыттан бері 6 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланған. Соңғы 5 жылда факультет ғалымдарымен индекстелген журналдарда 70 мақала жарық көрсе, басқа басылымдарда 286 мақала, конферецияларда 156 мақала шықты. Факультет білім алушылары соңғы 5 жылда пәндік халықаралық олимпиядаларда 35 жүлделі орындарды жеңіп алды. Жалпы факультет бойынша 126 оқытушы-прфоессорлық құрам, оның ішінде 7 ғылым докторы мен профессорлар, 32 ғылым кандидаттары және 10 PhD, 36 магистр, 41 оқытушы дәріс беруде. Ғылыми дәрежелік көрсеткіші 46,7  пайызды құрап отыр. Орташа жас – 43,4. Ахмет Ясауи университеті — Қазақстандағы жеке клиникасы бар классикалық бағыттағы жалғыз жоғары оқу орны. Бұл – университет үшін сапалы маман даярлауға мүмкіндік береді. Біз сөз етіп отырған мекеме А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті клиникалық-диагностикалық орталығының құрылымдық бөлімшесі саналады. Бұл мекеме жоғары оқу орнында білім алатын контингент пен профессор-оқытушы құрамымен сапалы, арнайы тегін кеңес беру – диагностикалық көмек беруге арналған. Өткеніне үңілсек, аты аталған бөлімше 2008 жылдың желтоқсанында ашылып, жұмысын жүргізе бастаған. Емханада бір мезетте жүздеген келушіні қабылдай алады. Мекемеде терапевт, жалпы хирург, уролог, травматолог-ортопед, лор дәрігері, көз дәрігері, нейрохирург, дермотолог, гинеколог, кардиолог, стоматолог, невропатолог сынды кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет етеді. Мұнда науқастардық толық тексеруден өтуіне арналған барлық жағдайлар қарастырылған. Автоматты ақпараттандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Пациенттердің деректері компьютерлік жүйеде сақталады. Бұл қызмет алу барысында туындайтын түрлі мәселелерді жоюға ықпал етеді. Тіркеу орны да қарастырылған. Мұнда арнайы маманданған және тәжірибеден өткен қызметкерлер науқастарды қабылдап, тіркейді. Бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетеді. Науқастарды автоматтандырылған түрде тіркейтін «Aksağlık» жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл саладағы қағазбастылықты жоюға ықпал етеді. Тіркеу орны қызметі емханадағы кеңес беру құрамына кіреді де пациенттерді дәрігердің қабылдауына уақытылы тіркеуді қамтамасыз етеді.


ПІКІР ЖАЗУ