ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНДА АРНАЙЫ АПТАЛЫҚ ӨТТІ

0

Қоғам өмірі алға жылжып келеді. Сонымен қатар ғылым да дамып барады. Дегенмен оның бәрі денсаулыққа бірдей пайдалы деуге келмейді. Әлі де болса, есте сақтауымыз тиіс талаптар баршылық. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, балаларды тек қана ана сүтімен тамақтандыру керек. Алты ай өткеннен кейін ғана қосымша тағамдарды беруге болады. Бұл ғана емес, ана сүтімен емізуді кемінде екі жыл уақытқа дейін жалғастыру ұсынылады. ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, ана сүтімен емізу бес жасқа дейінгі 800 мыңнан астам баланың өмірін сақтап қалуға ықпал етеді. Өйткені ана сүтінің құрамында баланың өсуіне, миының дамуына және денсаулығының нығаюына ықпал ететін дәрумендер бар. Сонымен қатар инфекциялардан қорғап, семіздікті болдырмайтын қасиетке ие. Әрине, осыншама пайдасы болғанымен, оны елемейтін, ескермейтін аналар жеткілікті.

Сондықтан әлемдік деңгейде жоғарыда аталған мәселелерге халықтың назарын аударту мақсатында жыл сайын тамыз айының бірінші аптасында Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы өтеді. Осы орайда, Түркістан қалалық емханасында Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы өтті. Апталық барысында ашық есік күні ұйымдастырылды. Онда жас аналарға, баланы ана сүтімен дұрыс қоректендіру, баланың физикалық, психикалық дұрыс дамып жетілуі, күтімі, аутизмды алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстары жасалды. Апталықты ұйымдастырған дәрігерлердің айтуынша, ана сүті – өмірге енді ғана келген сәбидің ағзасына толықтай сай келетін дәне дамуына, өсуіне септігін тигізетін жалғыз өнім. Оның орнын ешқандай жануардың сүті немесе жасанды қоспалар баса алмайды. Өйткені ана сүтінің құрамында ғана баланың бойына қуат болатын, дәрумен болатын заттар бар. Сондықтан оның пайдасы шаш-етектен. Мұны тіпті әлемнің танымал ғалымдары мен зертханалары дәлелдеп отыр. Мәселен, «National Obesity Forum» британ ұйымы өкілі Иен Кэмпбелл мен Цинциннаттағы балалар емханасының жанындағы медициналық орталықтағы американдық зерттеушілердің пікірінше, ана сүтінің құрамында көп кездесетін «адипонектин» протеині артық салмақтың алдын алу мен семіздікті болдырмауда үлкен рөл ойнайды. Ал америкалдық медициналық ассоциациясы журналы жариялаған мақалада үш мың дат азаматына он жыл бойына жүргізілген түрлі  интеллектуалды тестілеу нәтижелерін қорыта келгенде, туылған алғашқы тоғыз айда ана сүтін емгендерде естілік, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болған. Ғалымдар ми дамуында ана сүті құрамындағы галактозалармен қатар ананың аялауы мен өбектеуі де психологиялық әрі жағымды себептерге жатады деуде. Бұны Норвегияның ғылым және техника университеті мамандары да қуаттауда. 345 балаға арнайы тексеру жүргізген Доктор Торстейн Вик жетекшілік еткен ғалымдар тобы 1 жасқа дейін емшектен ерте шыққан балалардың өз құралпыларға қарағанда сана-сезім тұрғысынан анағұрлым төмен тұратындығын байқаған. Калифорния университетінің медициналық орталығы Дэвисте Каролин Шантридың жетекшілігімен арнайы зерттеу жұмыстары жүрген. Онда 6 айдан екі жасқа дейінгі 2277 баланың мәліметімен қатар 1988-1994 жылдар аралығында жүргізілген балалы аналардың сауалнамалары тексерілген. Сондай-ақ, емізу уақытына қарай балалар бірнеше топтарға бөлінген. Нәтижесінде 6 айдан көп уақыт емізілген балаларда өкпе қабынуы ауруы 4 есе аз кездесетіндігі байқалған.

Міне, Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы барысында ақ халаттылар Түркістан тұрғындарына осы және өзге де маңызды тақырыптар турасында құнды кеңестер берді. Сонымен қатар бала күтіміне қатысты ақпараттарды да айтып, келушілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жалпы түркістандық ақ халаттылар соңғы уақытта көптеген игі бастамаларға себепші болып, сәтті ұйымдастырып келе жатыр. Мұның өзі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасының артқанын аңғартады. Бүгінде қалалық және облыстық әкімдік тарапынан медицина мамандарының біліктілігін арттыру мен саланың жұмыс сапасын арттыруда бірқатар батыл бастамалар көтеріліп келе жатыр. Мәселен, Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие әрі тапшы мамандықтағы 75 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып, бүгінде 27 жас маманға әлеуметтік жәрдемақы берілген. Бұл ғана емес, дәрігерлердің біліктілігін арттыру шаралары да қарқынды түрде жалғасын тауып келеді.


ПІКІР ЖАЗУ