ТАРИХИ ҚАЛАДА БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ ӨТІП ЖАТЫР

0

Халықтың сапалық көрсеткішін арттыруда медицина саласының маңызы айрықша. Ал медицина спортпен жапсарлас жүретін салалардың бірі. Өйткені салауатты өмір салты кең насихатталатын қоғамда әлеуметтің саулығы жақсы болады. Сондықтан да спортты дамыту шараларының ел деңгейінде жүргізілуі қажет-ақ. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтпаған болар едік.

Бүгінде облыс орталығында түрлі спорттық шаралар белсенді жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде Түркістан қаласында байрағы желбірейтін жазушы Саттар Ерубаевты еске алуға арналған ХХХІХ Халықаралық турнирі биыл да ұйымдастырылды. «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» ұранымен өткен биылғы шараға 15 және 16 жас аралығындағы ұлдар мен қыздардан жасақталған командалар қатысып жатыр. Ағымдағы жылы ұйымдастырылып отырған халықаралық турнирде Бішкек (Қырғызстан Республикасы), Наманган (Өзбекстан Республикасы), Кентау, Түркістан  қалалары мен Отырар, Жаңақорған және Сайрам аудандарынан жиналған 12 команда өзара мықтыны анықтап жатыр.

Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаты Ғалымжан Хұдияров қатысып, спортшыларға болатын жарыстарда сәттілік тіледі. Айта кетуіміз керек, Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан жарыстың нәтижесі 17 тамыз күні белгілі болады. Міне, сол уақытта өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінгендер марапатталады.

 


ПІКІР ЖАЗУ