СПОРТ ДОДАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

0

Бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша. Өйткені бұл сала ұлттың сапалық көрсеткішіне айрықша әсер етеді. Сондықтан да елімізде спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамыту шаралары қарқын алып келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталуға болады. Қалада жазғы демалыс басталған уақыттан бастап ашық алаң ойындары өткізіліп келе жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрге айналған шара биыл қоғамда танымал бола түскен. Оған қатысушылар санының артқаны дәлел бола алады.

Қош делік, тарихи қалада спортты дамыту шаралары мұнымен тоқтап қалған емес. Түрлі сайыстар да ұйымдастырылып келе жатыр. Осы орайда, бүгін облыс орталығында шағын футболдан «Әуесқой футбол лига ойындарының» 2024 жылғы көктем-жаз маусымының жабылу салтанаты өтті. Маңызы зор салтанатты шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихаттың хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Түркістаннан орын тепкен «Фараб» әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған жиын барысында әуесқой футбол лигасында өзгелерден оза шауып, бәсі биік бәсекеде мерейі үстем болған жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Салтанатты шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы әуесқой футболшыларға қала әкімінің құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарды табыстады. Спортшылар ғана марапатталып қойған жоқ. Тарихи қаланың спорт саласына еңбегі сіңген, дамуына үлес қосып жатқан мамандарға да қала әкімінің арнайы Алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек, мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы аталған лига ойындарының тұрғындар арасында спортты насихаттауға қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, дәстүрлі түрде жалғасатынын жеткізді. Биыл байрағы желбіреген Түркістан қаласы бойынша кіші футболдан «Әуесқой Футбол Лига» 2024 жылғы көктем-жаз маусым ойындарына А, Б, С, Д және Супер лига топтары бойынша бөлінген 74 команда немесе 2000-ға жуық әуесқой футболшы қатысты. Нәтижеге келсек, Супер лигада І орынды Бекзат секторының «JOLDYN ASTY» командасы алды. Екінші орын Яссы секторының «Яссы-город» командасына бұйырса, үздік үштікті Яссы секторының «FC ALLOPIZZA.KZ» түйіндеді. Бұдан бөлек, «Үздік қақпашы» аталымы Зулкашев Куаныш Алиевичке, «Үздік ойыншы» аталымы Іскендіров Абылайхан Асанханұлына, «Үздік қорғаушы» аталымы Абджапаров Муратжан Рахматжанұлына, ал «Үздік сұрмерген» аталымы Хашимов Шахрур Откирбековичке бұйырды.

 


ПІКІР ЖАЗУ