ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
Денсаулық сақтау саласына көрсетілер қолдау көп. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен медицинаға бөлінетін қаржы көлемі артты. Дәрігерлердің жалақысы да жоғарылады. Бұл ғана емес, еліміздегі маңдайалды медициналық мекемелердің тәжірибесін өзге де орталықтарға енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Қала берді, ақ халаттылар әлемнің озық клиникаларында білімін толықтырып, тәжірибесін арттыруға мүмкіндік алып жатыр. Мұның баршасына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп келе жатыр.
Әрине, мемлекет қыруар қаржы құйғандықтан, салада серпіліс болуы, көзге көрінуі керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бұған дейін тарихи қаладағы медициналық орталықтың мамандары Ресей, Түркия, Германия сияқты денсаулық сақтау ісі кешенді түрде дамып жатқан мемлекеттерде болып, тәжірибе алмасып қайтқан еді. Оның нәтижесін соңғы уақытта көріп келеміз. Мәселен, бұған дейін қалалық денсаулық сақтау мекемелері базасында бірқатар күрделі оталар сәтті жасалды. Бұл ғана емес, тарихи қаладағы білікті дәрігерлер республикалық деңгейде өткен түрлі семинарлар мен кездесулерде баяндама оқып, білгенімен бөлісіп жатыр. Мәселен, жуырда Астана қаласында Қазақстан интервенциялық кардиологтар және эндоваскулярлық хирургтар қоғамының ХІІ конференциясы өткен болатын. Аталған маңызы зор жиынға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы сынды елдерден жиналған 50-ге жуық дәрігер баяндама жасады. Бұл шараға Түркістан қаласынан «ASIA MED медициналық орталығы» ЖШС дәрігерлері де белсенді түрде қатысты. Оның ішінде Т.Жолдасов арнайы баяндама жасап, үздік отаны жүргізіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Баяндамада 1965 жылы туған науқастың емі турасында айтылды. Ауру тарихына жүгінетін болсақ, науқасқа бірнеше этапта, атап айтсақ, жүректің тәж артерияларын стенттеу, АКШ (аортакоронарлы шунттау) отасы жасалған, алайда науқас жағдайының жақсаруы байқалмаған. Еш нәтиже болмағаннан кейін науқас «ASIA MED медициналық орталығы» дәрігерлеріне жүгінген. Ауру тарихын жіті зерттеген мамандар ақыр аяғында пациентке күрделі ота жасады. Бұл шара міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жүзеге асты. Тарқатар болсақ, науқастың жүрек тамырларына күрделі бифуркациялық стенттеу және сол жақ тәж артерия бағанына стенттеу отасы жасалып, науқас қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылған. Мұндай күрделі операцияны мекеменің Е.Артықбаев, Т.Жолдасов, Т.Нұрымбетов, А.Әбішев сынды үздік мамандары жасаған. Бұл орталық тарапынан жасалған алғашқы ота емес. Мекеме 2021 жылдан бері барлығы 3500-ге жуық науқастың жүрек-қантамырларына ота жасап, азаматтарды аурудан арашалап қалған.
Айта кету керек, жуырда Түркістан өңіріне ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен табан тіреген еді. Бұл сапар барысында вице-министр бірқатар денсаулық сақтау мекемелерін аралап, ұйымдастырылған алқа отырысына да қатысты. Мәжіліс барысында ана мен бала денсаулығын қорғау, тыныс алу, ас қорыту ағзалары және нерв жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіштері, медициналық көмектің сапасын жақсарту жайы кеңінен талқыланды. Бұл ғана емес, туындаған арыз-шағымдар бойынша талқылау да өтті. Жиын барысында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев медициналық-техникалық жарақтандыру, дәрімен қамтамасыз ету, ұйымдардағы жөндеу жұмыстары, жоспардағы ірі медициналық жобалар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына тоқталды. Түрлі пікір мен ұсыныстар ортаға тасталған шараға медициналық орталықтардың басшылары, дәрігерлер мен сала мамандары қатысты. Шарадан кейін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан қалалық емханасына арнайы барып, егу кабинеттерінің жұмыс барысын бақылады.