ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫН ҚАБЫЛДАДЫ

0

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы медицина саласының әлеуетін арттыруды көздейді. Негізгі төрт басым бағытты біріктірген құжатта денсаулық сақтау мекемелерінің әлеуетін арттыру сынды ауқымды міндет жатыр. Бүгінде бұл бағыттарды жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайту ісі қарқын алған. Мәселен, соңғы жылдар ішінде Түркістан қаласындағы маңдайалды медицина орталықтары барша заманауи сұранысқа жауап беретін техникамен қамтылды. Бұл күрделі оталарды сәтті жасауға себеп болды десек, артық айтқанымыз емес.

Бұл ғана емес, ұлттық жоба аясында дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісі жолға қойылды. Осының арқасында түркістандық ақ халаттылар Израиль, Түркия, Ресей, германия сынды медицинасы қарыштап дамыған елдердің озық клиникаларында тәжірибесін толықтырды. Жасыратыны жоқ, медицина мамандарының әлеуетін арттыру біліктілікпен шектелмейді. Бұл бағытты іске асыру үшін маман даярлау ісі баса назарға алынуы шарт. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірнеше оқу орны бұл мәртебелі міндетті жүзеге асырып келе жатыр. Солардың бірі — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Жыл сайын ондаған үздік жас маман түлеп ұшатын білім ордасында бәсекеге қабілетті кадр даярлау ісі қарқынды дамып келе жатыр. Осы орайда, жуырда оқу орнының Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек және ректор Жанар Темірбекова Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті. Бұл келелі кездесуде университет басшылығы ең әуелі жыл басында саланы басқару сынды жауапты қызметке тағайындалған Ақмарал Шәріпбайқызын жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы бастамалары мен жұмыстарына сәттілік тіледі. Артынша жиын барысында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастықты дамыту шаралары талқыланды. Ведомство басшысы бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің рөліне жоғары баға беріп, алдағы бастамаларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Түркістан облысына іссапары барысында оқу орнының Клиника-диагностикалық орталығына арнайы барғанын атап өтіп, емхана жұмысына жоғары бағасын берді.

Бұдан әрі сөз алған Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек университеттің арнайы жобасы — «Ана жұрттан Ата жұртқа: Денсаулық көпірі» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бұл жоба қос ел арасындағы медицина саласының ынтымақтастығын артыруды көздейтін бірегей жоба екенін айта кеткеніміз абзал. Дәл осы жоба аясында үстіміздегі жылы Анадолы топырағынан тарихи қалаға бірнеше кәсіби маман келген болатын. Олардың қатарында Стамбул университеті және Жеррахпаша медицина факультетінің невропатолог дәрігері, профессор доктор Харун Жансыз, дәрігер маман Рафет Йылдырым мен ортопед дәрігері, профессор доктор Мехмет Акиф Кайгысыз сынды үздік мамандар бар. Міне, дәл осы ақ халаттылар биыл Түркістанда бұрын-соңды жасалмаған күрделі отаны сәтті жасап, бірнеше науқастың дертіне шипа тапқан еді. Бұл ғана емес, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, көрерменнің сан түрлі сауалдарына жауап та берді. Біз сөз еткен жоба аясында келген мамандар, атап айтсақ, невропатолог, профессор доктор Чигдем Өзкара және нейрохирургия маманы, профессор доктора Мұстафа Узан оқу орнының студенттері мен жергілікті медицина мамандарына теориялық һәм практикалық білім берді. Шара аясында Түркістан қаласы мен оған жақын облыстардан келген неврология, нейрохирургия, радиология және нейропсихология салаларының мамандарының қатысуымен «Эпилепсия мектебі» де өтті. Осы және өзге де деректерге қанық болған министр оқу орнының денсаулық сақтау саласындағы бірегей жобасына ерекше қызығушылық білдірді. Ақмарал Әлназарова осы жоба аясында Түркияның тәжірибелі мамандарының табиғи апаттар кезінде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру мүмкіндіктері туралы сұрады. Кездесуде тараптар денсаулық сақтау саласы бойынша өзге де маңызды мәселелерді талқылады. Алдағы уақытта ортақ жобалар қолға алынуы бек мүмкін.

Айта кету керек, бүгінде біз сөз еткен оқу орнында Медицина факультеті жұмыс істейді. Онда білім алатын студенттерге барлық жағдайлар жасалған. Атап айтар болсақ, жаңа үлгідегі оқу ғимараттарымен, лабораториямен, заманауи талаптарға сай жабдықталдған  университет клиникасымен, симуляциялық орталықпен қамтамасыз етілген. Факультеттің материалдық-техникалық базасы уақыт өткен сайын жаңарып келе жатыр. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында медицинаны меңгеруді қолға алған студенттердің жан-жақты пәндерді меңгеруі үшін микробиология лабораториясы мен анатомиялық оқу құралдары сатып алынған. Біз сөз еткен кезеңде факультеттің үздік студенттері Түркия университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алған. Бұл процесс әлі де жалғасып келе жатыр. Факультетте тіл білімін жетілдіру бойынша түрік және ағылшын тілдерінің тегін курстары бар. Мұны меңгеру арқылы студенттер халықаралық деңгейдегі саланың жаңалықтарымен танысып, ақпарат алмаса алады. Бүгінгі күні факультетте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту»туралы бұйрығынасәйкес«Үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламасы» 2022 жылдан оқу үдерісіне енгізіліп жұмыс істеуде. Осы бағытта Түркия Республикасы Гази университетімен бірлескен жаңа үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарлануда.Факультет студенттері үшін университеттің клиникасы – Клиника-диагностикалық орталығы және Түркістан және Кентау қаласындағы 17 клиникалық базалар қызмет көрсетеді. Жалпы Медицина факультетінде 126 оқытушы-профессорлық құрам, оның ішінде 7 ғылым докторы мен профессорлар, 32 ғылым кандидаттары және 10 PhD, 36 магистр, 41 оқытушы дәріс береді. Нәтижесінде оқу орны жыл сайын бәсекеге қабілетті, жан-жақты, саланы жетік меңгерген ондаған жас маманды еңбек нарығына шығарып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ