ДЕНІ САУ ҰРПАҚ — ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Нашақорлық – адамзат баласын құрдымға тартатын қауіпті әлеуметтік кесел. Оны кісі тағдырын тығырыққа тіреумен қатар, саулығына да ауқымды зиянын тигізеді. Сондықтан елімізде аталған әлеуметтік мәселенің алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бұған дейін жастар бастамашы болып, есірткіге қарсы бірқатар акциялар мен шараларды өткізген болатын. Жуырда біз сөз еткен тақырып арқау болған тағы бір ауқымды шара өтті. Тарқатайық…
Облыс орталығында «Түркістан-Түркі әлемінің туризм астанасы» аясында баскетболдан 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер ұлдар мен қыздар арасында жазушысы Саттар Ерубаевты еске алуға арналған ХХХІХ Халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» ұранымен ұйымдастырылған жарыстың ашылуына Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияров және қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы қатысты. Мәслихат төрағасы шара барысында сөз алып «Спорт — денсаулық кепілі» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан әрбір адам тұлғаға айналғысы келсе, спорт пен білімді қатар алып жүруі тиіс. Бүгінгі сайыста күшін сынағалы отырған барша қатысушыға сәттілік тілеймін! Шын жүйріктер жеңімпаз атансын!» дей келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл ғана емес, бұқаралық спортты қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Жарысқа келсек, жоғары бәсекемен өтті деуге болады. Жастар баскетбол алаңында бар өнерін көрсетіп, жеңіске деген ұмтылыстарының жоғары екенін аңғартты. Жарыс соңында өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінген жастар марапатталды. Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.