МӘЖІЛІСТЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАЯНДАЛДЫ

0

Денсаулық сақтау саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде аталған саланың өзектілігі артты. Өйткені ғылымға белгісіз болған жаңа вирустар әлемді жайпап барады. Одан мыңдаған, тіпті, он мыңдаған адам ажал құшуда. Қала берді, дәл осы сала халықтың сапалық көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да денсаулық сақтау ісін ілгерілетудің маңызы айрықша. Осы орайда, Түркістан қаласында жыл басынан бері саланы дамытуды көздейтін бірқатар бастамалар сәтті жүзеге асып келе жатыр.

Осының арқасында қол жеткен жетістіктер де аз емес. Бұған дейін қалада бірнеше күрделі оталардың алғашқы рет әрі сәтті жасалғанын жазған едік. Мұның баршасына заманауи технология мен білікті дәрігерлердің арқасында қол жетіп отыр. Саланы дамыту шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Қала берді, жүзеге асқан жұмыстар жайын жергілікті әкімдік бақылап отыр. Осы орайда, бүгін қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Жиын барысында медицина саласы бойынша қалыптасқан мәселелер жайы сөз болды. Сонымен қатар атқарылған жұмыстар бойынша баяндамалар тыңдалды. Мәжілісте әуелі «МӘМС жүйесі» туралы әлеуметтік сақтандыру қоры КЕАҚ Түркістан облысы бойынша директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады. Өз сөзінде ол «Түркістан қаласы тұрғындарының 83 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болса, медициналық сақтандырылмаған азаматтар 17 пайызды құрап отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандар медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие бола алады. МӘМС арқылы азаматтар профилактикалық медициналық тексеруден өтіп, учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауына кіре алады. Сондай-ақ, созылмалы дертке шалдыққан жандар бейінді мамандардың бақылауында болады. Азаматтар стоматологиялық көмек, диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика, стационарлық медициналық көмек, медициналық оңалту сияқты медициналық қызметпен қамтылады» деп атап өтті.

Маңызы зор мәжілісте «Адам  папиллома вирусына (АПВ)» қарсы вакцина егу бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Имантаева есеп берді. Баяндама барысында «Адам  папиллома вирусы – дененің әртүрлі бөліктерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар және оның 14 түрінде онкологияның даму қаупі жоғары. Адам  папиллома вирусынан вакцина алу арқылы алдын алуға болатын онкологиялық ауру — жатыр мойны обыры. 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездеседі. Жыл сайын 1900-ден астам науқас тіркеледі. Емдеу жолы жоқ бұл дерттің алдын-алудың жолы вакцинация екендігін айтты» деп атап өтті Шарифа Омарәліқызы. Бұдан бөлек, жиында жауапты сала өкілі екпе салу жұмыстары турасында тарқата баяндап өтті. Айта кету керек, спикер сөз кеткен адам папилома вирусы екі жүзге жуық вирусты қамтитын тұқымдас вирустардың қатарына кіреді. Оның кейбірі адам саулығына әсер етпейді, яғни қауіпсіз деуге де болады. Әйткенмен кей түрлері адам ағзасындағы онкологиялық үдерістің дамуына ықпал етеді. Бұл ауру түрі сыртқы жыныс мүшесінің аурулары арасында кең тараған және агрессивті патология саналады. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуына себепші болады. Бір қызығы, бұл инфекция ұзақ уақыт бойы көрініс бермей жатуы мүмкін. Ақыр аяғында дерт дендегенде ауыр зардаптарға ұрындырады.

 


ПІКІР ЖАЗУ