МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕ БІЛІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Медицина саласының ілгері басуы сапалы маманға тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласының мамандарына деген сұраныс жоғары. Жыл сайын халық саны артып барады. Бұл процесс медициналық орталықтарға қосымша жүктеме артып отыр. Сондықтан да жоғары білімді мамандарға, сонымен қатар орта арнаулы білімі бар медицина кадрларына деген қажеттілік жоғары. Бұл тұрғыдан келгенде, қолға алынып жатқан шаралар да аз емес. Қазіргі уақытта дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасу үрдісі жолға қойылған. Қала берді, медицина мамандарын даярлауға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып отыр.
Бұл ғана емес, орна арнаулы білімге ие медбикелер дайындау ісі де кешенді түрде жолға қойылған. Елімізде бұл бағытта оқытатын бір емес бірнеше орта арнаулы оқу орны бар. Солардың бірі – Түркістан қаласынан орын тепкен Түркістан жоғары медицина колледжі. Үстіміздегі жылы ондаған жас маман дәл осы оқу орнын бітірген болатын. Олардың бірқатары жұмысқа орналасса, кейбірі білімін жалғастыру үшін жоғары оқу орындарына түсті. Енді міне жаңа оқу жылы қарсаңында саланы меңгеруге бет алған жастар аталған колледждің табалдырығынан аттап отыр. Тарқата баяндайтын болсақ, оқу орны базасында білім мерекесі қарсаңында «Білім күні – бейбітшілік күні» тақырыбымен салтанатты шара өтті. Оған Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Бимурзаев Ғалымжан Нұрманұлы, сонымен қатар оқу орнының құрылымдық бөлім басшылары және оқытушылар құрамы қатысты. Салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Одан кейін колледж директоры Ғалымжан Нұрманұлы сөз алып, дәрігер-оқытушыларды, педагогикалық ұжымды және студенттер мен ата-аналарды білім күнімен құттықтап, медицина ғылымының қайнар көзі, мейірімділік пен қайырымдылықтың жаршысы, орта буынды медицина мамандарына сапалы білім мен патриоттық тәрбие беріп келе жатқан оқу орнына биыл 60 жыл толатындығын атап өтті. Сонымен қатар колледжге түскен болашақ мамандар мен олардың ата-аналарына директордың оқу, тәрбие, тәжірибе ісі бойынша орынбасарларымен және әр мамандықтың бөлім меңгерушілерімен таныстырды. Бұдан кейін оқу орнының талантты жастары білім қуып, медицина саласында еңбек етуді мақсат еткен жастарға арнап ән шырқады. Кеш соңында оқу бөлімінің меңгерушісі Л.Кулимова оқуға жаңадан түскен студенттердің кураторларын таныстырып, оқу бөлмелерін хабарлап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, біз сөз еткен колледжде бес мамандық бойынша жастарға білім беріледі. Оқу орны медициналық және фармацевтикалық білім беретін, сонымен қатар орта буын медицина мамандарын даярлайтын, біліктілігін көтеретін еліміздегі алғашқы білім беру мекемелерінің бірі саналады. Бүгінде колледж басшылығы заманауи талаптарға жауап бере алатын, біліктілігі жоғары, озық технологияларды бес саусағындай білетін кадрларды даярлауға барын салып келе жатыр. Мұнда жастарға жоғары білікті оқытушылар, тәжірибелі дәрігерлер сабақ беріп, дәріс оқиды. Оның қатарында «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздіктері», «Ы.Алтынсарин» медалінің иегерлері, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегерлері, «Қазақстан Республикасының кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері, профессорлар мен ғылым кандидаттары, магистрлер бар. Мекеме мамандарының айтуынша, бұл оқу орнын бітіргендердің 15 пайызға жуығы білімін жалғастырса, жартысынан көбі диплом алғаннан бастап-ақ халыққа қызмет көрсетуге кірісіп кетеді. Түркістан жоғары медицина колледжі қазіргі уақытта «Мейіргер ісі бойынша қолданбалы бакалавр», «Жалпы тәжірибелік мейіргер», «Фельдшер», «Акушер», «Медициналық лаборант», «Фармацевт», «Дантист» біліктіліктері бойынша кәсіби білім беріп келе жатыр. Білім беру үрдісі теориямен ғана шектеліп қалмаған. Өндірістік практика да қарастырылған. Оны жүзеге асыру үшін оқу орнының басшылығы күллі күнгей бойынша орналасқан денсаулық сақтау мекемелерімен келісімге де келген. Бұл ғана емес, өңірдегі емдеу және сауықтыру мекемелерінде оқу кабинеттері ашылған. Онда студенттер теорияда алған білімін практикамен ұштастыра алады. Білім беру мекемесінде қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған жүзге тарта оқу кабинеті бар. Ол қатарда клиникаға дейінгі кабинеттер, анатомиялық мұражай, лабораториялық кабинет, тест орталығы, интернет жүйесіне косылған электронды оқу залы, лингафонды кабинеттер мен жаңа компьютерлермен жабдықталған информатика кабинеттері жұмыс істейді. Яғни студенттердің жан-жақты дамуына барлық жағдайлар қарастырылған. Бүгінде осындай жоғары деңгейде жабдықталған материалдық-техникалық базаның арқасында мекеме түлектері өздерін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті екенін аңғартуда. Айта кету керек, орта арнаулы оқу орнын бітірген түлектердің дені күнгейде, оның ішінде Түркістан қаласында орналасқан денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет етіп келеді.