ЖАҢА ЖОБА КҮНГЕЙДЕГІ МЕДИЦИНА МЕН МИКРОБИОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ДА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

0

Білім беру және кадр даярлау ісі күн сайын ілгері басып келе жатыр. Бұл еліміздегі білім беру мекемелеріне үлкен жауапкершілік артып отыр. Сондықтан да бірқатар жоғары оқу орындары мекемені дамыту мақсатында түрлі шаралар мен бастамаларды қолға алып, жүзеге асырып келеді. Әсіресе, медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылар талап қатаң. Өйткені күн сайын жаңа бір вирус түрі, ай сайын ғылымға белгісіз болған дерттер анықталып жатыр. Онымен күрес үшін жоғары технология мен білікті профессорлық-оқытушылық құрам қажет. Жалпы күнгейдегі медицина мамандарын даярлау ісі турасында тарқатқанда, ойымызға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті оралады.

Бүгінде дәл осы университет 3 мыңға жуық медицина мамандарын оқытып, білім беріп жатыр. Оқу орнының тәжірибе алмасу арқылы білім беру процесін жетілдіруді мақсат еткен бірқатар бастамалары бар. Қала берді Түркі әлемі кеңістігіндегі орны да бөлек. Десе де уақыттың бір орында тұрмайтыны анық. Білім беру ісі де ілгері басуы керек. Осы орайда, жуырда оқу орны басшылығының шешімі негізінде университет ғалымдарының қатысуымен дайындалған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы бағалау үрдісінен өтіп, Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен жеңімпаздар тізіміне енді. Бұл жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрап отыр. Енді жеңімпаз атанған дәл осы «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» атты жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде қаржыландырылады. Айта кету керек, жоба зертеушілерінің құрамында Қазақстан, Германия, Түркия және Венгрия сынды бірқатар елдердің жетекші ғалымдары  бар. Жоба жүзеге асар болса, өңірде медицина, биотехнология және экология салалары бойынша кешенді зерттеулердің санының артуына сеп болады.

Университет таратқан дерекке сүйенсек, дәл осы «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» жобасының мақсаты — медицина, биотехнология және экология бойынша кешенді зерттеулер жүргізу және Арал-Сырдария өңірінің интеграцияланған және орнықты инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін биологиялық ресурстарды тиімді басқарудың ғылыми-практикалық жолдарын әзірлеу, өңірде тұрақты өңірлік даму және қайта өңдеу өндірістерін бақылау үшін экологиялық мониторинг, жасыл технология және қолданбалы микробиология саласында консалтинг және инжиниринг инфрақұрылымын құру. Қуантарлығы сол, жоба Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін дамытуды ғана көздемейді. Керісінше, күллі күнгейдегі медицина мен микробиология сынды маңызды салалардағы жұмыс сапасын, зерттеу мәселелерін тереңдетуді көздеп отыр. Айта кетейік, бұл оқу орны жеткен алғашқы жетістік емес. 2021-2024 жылдар аралығында дәл осы мекеменің мамандарымен даярланған барлығы 44 гранттық жоба Ұлттық ғылыми кеңестің мақұлдауына ие болған.


ПІКІР ЖАЗУ