ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТ ДОДАСЫ ӨТТІ

0

Салауатты өмір салтын ұстанатын қоғамда ұлттың саулығы мықты болады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ұйғарым. Жасыратыны жоқ, елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Мәселен, Түркістан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары балалар ойын алаңшаларымен қатар, спорт алаңшаларымен де қамтылып келеді. Көрсеткіш жыл сайын арта түсуде. Осының арқасында белсенді өмір салтына көшіп жатқан азаматтар аз емес. Қала берді, түрлі спорттық секциялар тағы бар.

Мұндай үйірмелер балалардың спортқа жақын болуына септеседі. Дегенмен инфрақұрылыммен қамтумен шектелуге тағы болмайтыны анық. Өйткені өскелең ұрпаққа мотивация қажет. Бұл бағытта Түркістан қалалық әкімдігінің назарынан тыс қалған емес. Мәселен, облыс орталығында жуырда 2010, 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Turkistan Cup – 2024» республикалық турнирі өтті. Сайысқа Астана, Ақтау, Тараз, Қонаев, Түркістан, Кентау қалалары мен Алматы облысынан 16 команда қатысты. Бәсйі биік бәсекеге қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев арнайы қатысып, еліміздің әр өңірінен келген жас спортшыларға қолдау білдірді.

Жастардың арасында өткен ойындар тартысты болды десек, қателеспейміз. Қатысушылар өз командасының жеңіс тұғырынан көрінуі үшін барларын салды. Бәсеке бар жерде жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні айқын. Осы орайда, ойын нәтижесінде 2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Түркістан командасына» чемпиондық кубок бұйырды. II орынды «Қонаев командасы» еншілесе, III орын «Каспий» командасының қоржынында кетті. Ал 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы чемпиондық кубокты Түркістан қаласының «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» команданасы қанжығаға байлады. II орынның тұғырына «Тұран Түркістан» командасы шықса, III орын түркістандық БЖМОФМ мектебіне бұйырды. Сонымен қатар тартысты өткен ойындарда талантымен ерекшеленіп, дарынымен дараланған үздік ойыншыларға арнайы аталымдар табысталды.


ПІКІР ЖАЗУ