ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ БАРЛЫҚ ҚҰРЛЫҚТЫҢ ӨКІЛДЕРІ БАҚ СЫНАЙДЫ

0

Дүбірлі дода жақындаған сайын ұйымдастырушылар бар дайындықты пысықтап жатыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорттық нысандардың дайындығын тексеріп, спорттық жарысты жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өткен болатын. 

Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингіде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев байрақты бәсекеге қатысуға 89 елден 2 430 қатысушы ниет білдіргенін мәлімдеді.

«Оның қатарына жаттықтырушылар да кіреді. 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медаль саны – 581 дана. V  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге», — деді ол.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар мен қонақтарды қабылдау үшін 20 қонақүй мен 331 көлік құралы қарастырылған.

Ойындар кезінде барлығы 1 300 волонтер қызмет атқарады. Сондай-ақ БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Türk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia және басқа да ірі БАҚ өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттаудан тыс қалмақ емес.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында медициналық штабта 150 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар 23 ветеринар да жарыс алаңында қызмет атқарады.

Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат және 45 құс қатысады.

«Бұл әлемдік жарысқа алғаш рет қатысатын елдер де бар. Биыл тұңғыш рет барлық құрлықтың өкілдері бақ сынайды. Қатысушы елдер арасында Қазақстанға келетін ең алыс ел Аустралия болмақ», — деді Абылай Қондыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.


ПІКІР ЖАЗУ