ДЕПУТАТ АСТЫҚ НАРЫҒЫНДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕРДІ АТАДЫ

0

Көрші елдер қазақстандық астықты қайта өңдеп, оны халықаралық нарыққа жеткізіп жатыр. Бұл істі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де іске асыра алады. Осы орайда сенатор Арман Өтеғұлов өзінің депутаттық сауалында астық өңдеушілердің проблемалары туралы айтты.

«Ұн экспорты бойынша Өзбекстан көшбасшыға айналып, жыл сайын 1 млн тоннаға дейін қазақстандық бидайды өңдеп, Ауғанстан нарығына ұсынып келеді. Биыл Өзбекстанға 1,3 млн тонна астық жөнелтілген. Қазіргі кезде елдегі 250-ге жуық астықты өңдейтін кәсіпорынның тек 70 ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік алған жылдары бұл кәсіпорындардың саны шамамен 2 мың болған, яғни 1750 астық өңдейтін кәсіпорын жабылып 70 мыңдай адам жұмыс орнынан айырылды. Ақсап тұрған бұл сала мемлекеттің мүддесіне және диханшылардың экономикалық жағдайына кері әсерін тиігізіп жатыр», — деді Арман Өтеғұлов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Бұдан бөлек сенатор Қазақстанның импорттық тұқым түрлеріне деген тәуелділігін айтты. Қазақстанда элиталық тұқымдардың үлесі – 7,1%. Сондай-ақ, елімізде бидай тұқымының 40% шеттен келеді. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 12 ғылыми-зерттеу институты және элиталық 17 тұқым өндіруші шаруашылық қызмет етіп келеді. Алайда осы иниституттар зерттеулерінің оң нәтижесі байқалар емес. Импорттық тұқымға деген сұраныстың азайғаны немесе елдегі өндірушілер өнімінің молайғаны туралы дерек жоқ.

«Елдің азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің көрші елдермен бәсеке қабілетті болуын қамтамасыз ету бағытында нақты жобаларды іске асыруды ұсынып отырмыз. Шетелдік тұқымға деген тәуелділікті жою мақсатында арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Астықты терең өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыруды, мемлекет жағынан қосымша қаржыландыру мәселесін қарауды ұсынамыз. Кәсіпорындардың өнімдерін экспорттауға керек тетіктерді оңтайландыруды және қажет болған жағдайда экспорттық шығындардың бір бөлігін мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы нақты шаралар қабылдау керек», — деді сенатор.


ПІКІР ЖАЗУ