ШАРА МАҚСАТЫ — САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАУ
Елімізде денсаулық сақтау саласын ілгерілету бағытында көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Тиісті министрлік тарапынан жүзеге асып жатқан жұмыстар да жетерлік. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданды. Бұл құжатта саланы дамыту бойынша төрт басым бағыт белгіленген. Олардың қатарына медицина саласындағы қызметті жақсарту, клиникалар мен денсаулық сақтау мекемелерінің әлеуетін арттыру, білікті дәрігерлер легін қалыптастыру, дәрі-дәрмек шығару ісін жолға қою, сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту сынды өзекті де өткір бағыттар жатады.
Бұл ұлттық жобаның межелі мерзімі де жақындап келеді. Сәйкесінше, жергілікті атқарушы билік тарапынан жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша кешенді шаралар іске асып жатыр. Оның ішінде түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласында істеліп жатқан бастамалар көп. Тарқатар болсақ, жыл басынан бері облыс орталығында ұлттық жобаның төртінші бағыты – бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның ауқымы күллі қала тұрғындарын қамтыды десек, артық айтпаған болар едік. Мәселен, жаз айларында ашық аспан астындағы жарыстар ұйымдастырылды. Бұған қалаға қарасты секторлардың тұрғындары белсенді қатысты. Әкімдік қызметкерлері де арнайы ат басын бұрып, шараның жоғары деңгейде өтуіне себепші болды. Енді міне жуырда тарихи қалада ерекше қажеттілігі бар жандар арасында спорт түрлерінен ашық біріншілік өтті. Бәсі биік спорт бәсекесіне ұзын саны 80-ге жуық азамат қатысты. Шара барысында қатысушылар спорттың дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресі түрлерінен сынға түсіп, кіл мықтының ішінен кімнің мықты екенін анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара мақсаты — ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту.
Мұндай маңызды шараға шенділер де қатысып, ізгі тілегін арнады. Ашып айтсақ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев ерекше қажеттілігі бар жандар қатысқан спорт додасына арнайы ат басын бұрды. Шара барысында сөз алған бөлім басшысы «Баршаңызды еліміздің Ата заңы – Конституция күнімен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыс – әр спортшының өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздердің жарысқа қатысуға үлкен белсенділік танытып отырғандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» деп жүрекжарды тілегін жеткізді. Әрине, сайыс жоғары бәсекемен өтті десек, артық айтпаған болар едік. Дегенмен әрбір жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері болары анық. Осы орайда, жарыс қорытындысында командалық есепте «Орталық» командасы 1-орынды иеленсе, 2-орынды «Түркістан» командасы, 3-орынды «Батыс» командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды. Айта кетейік, облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды өмірге, қоғамға бейімдеу мақсатында қолға алынып жатқан шаралар көп. Тіпті, әлеуметтік орталықтар қызмет көрсетеді. Онда әрбір азаматқа медициналық қызметтер көрсетіледі, салауатты өмір салтын ұстануға баулиды, сонымен қатар құқықтық көмектер де береді.