ҚАЗАҚСТАНДА ЕТ ТАПШЫЛЫҒЫНАН БАҒА ШАРЫҚТАП КЕТТІ

0

Қазақстанда ет тапшы. Мамандар 2019 жылы мал экспортына салынған тыйым салдарынан ірі қара саны 2 милионға азайып кеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Оның үстіне соңғы жылдардағы қуаңшылық та әсерін тигізбей қоймаған. Еттің аздығы бағаның өсуіне әкелді. Өңірлердегі ет бағасын «Астана» телеарнасының тілшілері біліп қайтты.

Атырауда сиыр етінің келісі 4 мың теңгеге жетті. 3500 теңгеге сүйек-саяғын ғана алуға болады. Мамандар елдегі ет қымбатшылығының басты себебін атады.

Айтуларынша, 2010 жылы ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, триллиондаған қаржы бөлінген. Сырттан асыл тұқымды мал әкелініп, бордақылау алаңдары салынды. Тіпті 2019 жылы Өзбекстан мен Қытай, Иранға 240 мың ірі қара, 15 мың тонна сиыр етін экспорттаған. Сол жылы мал экспортына енгізілген тыйым фермердердің жұмысына тоқыратты, дейді сала мамандары.

«Экспортқа салған тыйымға сиыр етінің 2 есеге жуық қымбаттағаны себеп болды. Кейін ет бағасы түсті. Бірақ мал саны азайды. Өйткені демпинг басталды. Фермерлер жұмысшылар жалақысы, несие төлеу үшін тиімсіз бағамен сатуға мәжбүр болды. 2 млн басты пышаққа жықты. Өйткені өзіндік құнын ақтамайтын малды ұстаудың шығыны көп болды. Қазір қарапайым халық зардап шегіп отыр. Мал тапшы, ет қымбат. Енді мал басын қалпына келтіруге 4–5 жыл қажет», — дейді Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.

Коммуналдық базарда сауда сылбыр. Бірлі-жарым сатып алушы ғана. Олар да бұрынғыдай қалағанын алуды қойған.

«Өте қатты қымбаттап кеткен. 4 мың теңге деген масқараға ғой. Бұрын сиырдың сан етін алатын едім. Қазір алмаймын. Міне, 1 келі 200 грамм алдым. 4 мың 500 теңгеге шықты. 4-ке бөліп сорпа пісіремін», — дейді қала тұрғыны Лариса Шин.

Аймақта ет бағасы бақыланбайды. Тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енген сиырдың жауырын-төс бөлігінің ғана бағасын тексереді. Өйткені оны тұрақтандыру үшін қазынадан 245 млн теңге бөлінген. 49 сауда орнында белгіленген бағамен сатылады.

«3245 теңгеге сүйекті жауырын, төс бөлігі ғана кіреді. Ал таза ет кірмейді. Былтыр бізге 3100 теңгеге бекітілген. Биыл 2 тоқсанға 3245 теңге белгіленіп отыр», — дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Жанар Тілекова.

Депутаттар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жылқы етін қосуды ұсынып отыр. Бағаны тұрақтандырып, ет нарығын реттеу үшін тыйым салу тәсілін өзгерту керек деген ұстанымда.

Әкімдіктегілердің мәліметінше, атыраулықтар жылына 15 мың тонна сиыр, 11 мың тоннадан астам жылқы, 8 мыңға жуық қой етін тұтынады. Онда да өзін-өзі толық қамти алмайды. Көрші облыстар мен импорттық ет өнімдеріне тәуелді. Ал Шымкентте жағдай қалай?

Шымкентте де ет бағасы біршама қымбаттаған. Әсіресе ірі қараның еті аспандап тұр. Ет сатушылар былтыр жыл соңында шарықтаған баға төмен түспек тұрмақ, қайта қосыла түскенін айтады.

Сұранысы жоғары сиырдың сүйекті еті — 3 400 теңге. Таза еті — 4200 теңгеден сатылып жатыр. Оның қасында жылқы еті сәл де болса арзан. Сүйегі бары — 3200 теңге. Ал сүйексіз ет — 4200-4500 ден. Қазы да қымбат емес. Баға көктем шыққалы шарықтап кетті дейді жұрт. Бірақ оған да қарамастан сатып алатындар бар.

Қой етінің келісі де арзан тұрмайды. 3200-3500 теңге аралығында сатылып жатыр. Мұның себебі бар дейді сатушылар.

«1 ай – 1,5 айдың шамасында 700 теңге қосылып кетті. Еттің экспорты қазір өте үлкен мөлшерде болып жатыр. Адамдардың дені қазір етті алмай жатыр. Ет өте қатты қымбаттап жатыр», — дейді ет сатушы Ғазиза Айдарбекова.

«Ташкент келіп барлық етті жинап, бағаны көтеріп жібереді. Келеді де 100-200 теңгеге көтеріп жібереді де, одан кейін біздің әкеп жатқан адамдарымыз да солардың бағасымен бергісі кеп тұрады… Мысалы бір қорада 100 бас болса, сол 100 бастың бәрін Ташкент кеп, ақшасын беріп, 200 теңгеге қымбатын сатып әкетіп жатыр. Сосын ет көтеріліп кетіп жатыр. Ташкент жабылса, ет бірден түседі. Өткенде жабылған кезде бірден түсті ғой», — дейді ет сатушы Рахила Қайыпова.

Сатушылар пайданың азайып кеткенін айтады. Алушылардың қатары сирек дейді. Сондықтан ет бағасын үкіметтегілер бір ретке келтірер деген үмітте.


ПІКІР ЖАЗУ