ҚАЗАҚСТАНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Елімізде 740 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдар тұрады. Олардың 16%-ы — балалар. «Бүгін LIVE» бағдарламасының бүгінгі санында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың мәселесі талқыланды.
— Осыдан 3 жыл бұрын қаламызда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған тек 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру ұйымы (ПМПК) жұмыс істесе, қазір мұндай орталықтар саны онға дейін жетті. Қазір Астанада 18 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін 500 мыңнан астам бала бар. Сол балаларға 10 ПМПК жұмыс істейді. Бүгінге дейін осы ПМПК-ларға 3 айдан жарты жылға дейін кезекте тұратын болса, қазір ол кезек 1 күннен ары кетсе, 1 айға дейін қысқарды, — дейді Астана қалалық білім басқармасының басшысы.
Қалалық білім басқармасы алдағы уақытта инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын көбейтуді жоспарлап отыр.
— Біздің келесі қадамымыз — инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын көбейту. Оған қоса, ең басты мақсатымыз — шағын аудандарда тұратын балалар үшін өзі тұратын шағын аудандағы мектептерде де жағдай жасау. Қазір қаламыздағы 100-ден астам мектеп болса, оның 60-тан астамында осындай инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жалпы қаладағы білім ошақтарының 95 пайызында инклюзияға жағдай жасалған. Біз бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастырамыз, — дейді Қасымхан Сенғазыев.
Басқарма басшысы дәл осы салада маман тапшылығы бар екенін де жасырмады.
— Ендігі мәселе — мамандарды дайындау. Қандай мамандар қажет? Біліктілігі қандай? Олардың біліктілігін қалай арттыру керек? Деген сияқты мәселелерді қазір қолға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Ең көп жетіспейтін мамандар — дефектолог, логопед, тифлопедагогтар. Қаламызға дәл осындай 30-ға жуық маман жетіспейді, — дейді ол.
Одан бөлек, елімізде ерекше балаларға көмектесетін балаларды оңалту орталықтары да жұмыс істейді. Олар мүгедектігі бар балаларға медициналық қана емес, жан-жақты қолдау көрсетеді.
— Біздің орталық тікелей ерекше балалармен жұмыс істейді. Бізден жылына 4200-дей науқас ем алады. Айына 300-дей бала емделеді. Біз 3 бағытта жұмыс істейміз. Ол — педагогикалық түзетулер, медициналық көмек. Оның ішіне әртүрлі физиотерапия, дене шынықтыру, медикаментозды терапиялар бар. Және әлеуметтік адаптация бағыттарында жұмыс істейміз, — дейді Ұлттық балаларды оңалту орталығы № 2 психоневрологиялық бөлімінің меңгерушісі.
Орталық ерекше балаларды емдеу барысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолданатынын айтады.
— Біз шетелдерге әртүрлі іссапармен жиі барамыз. Салыстырмалы түрде біздің емдеу методикаларымыз заманауи деп айта аламыз. Жаңа емдеу тәсілдерін өзімізге енгіземіз. Әртүрлі цифрлы, роботталған әдістемелерді орталықта қолданып, оны аумақтарға таратуға үлесімізді қосып жатырмыз, — дейді Ғалымжан Жылқыбаев.