РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ

Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы аясында еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындармен ақпараттық-ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы туралы хабардар болу деңгейін арттыру және профилактикалық медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Апталық барысында жастар денсаулық орталықтарында және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында Ашық есік күндері өткізіліп, прегравидальды дайындық, АИТВ-ға тестілеу және отбасын жоспарлау бойынша кеңестер ұсынылады. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында жастар арасында салауатты қарым-қатынас, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу тақырыптарында сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады.
Іс-шараға мемлекеттік органдармен қатар, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНИСЕФ және бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қатысуда. Қатысушылардың күш-жігері арқылы репродуктивті денсаулықты қорғауға бағытталған тұрақты әрі жүйелі іс-қимылдарды қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Репродуктивті денсаулық апталығы халықтың денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және медициналық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.