ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙТІЛДІ

0

Қыс мезгіліне тыңғылықты дайындық – халықтың жайлы өмір сүруінің басты кепілі. Осы орайда, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етілген көпқабатты тұрғын үйлерді арнайы аралап шығып, жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді. Қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылап, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Бұған дейін әкімдік тарапынан 1 және 2-мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлердің ішкі жылу жүйелерінің жай-күйін зерделеу тапсырылған болатын. Нәтижесінде бірқатар ақаулар мен жүйелік кемшіліктер анықталып, жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жылу жүйесіне қосылған 75 көпқабатты үйдің 34-інде дайындық толық аяқталған. Қалған 41 үйде жаңарту, жөндеу және жүйелерді ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімдігі тек жылумен ғана шектелмей, тұрғын үйлердің өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін су, кәріз және жылу желілерін жаңғырту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізуде. Бұл шаралар үй ішілік және сыртқы инженерлік инфрақұрылымды заманауи стандарттарға сәйкестендіруді, қысқы маусымда апаттық жағдайлардың алдын алуды, тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Түркістан қаласы әкімдігі инженерлік инфрақұрылымнан бөлек, қала келбетін жақсарту мақсатында да жүйелі жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытта 32 көпқабатты үйдің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл тек ғимараттардың эстетикалық бейнесін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру ортасын заманауи және тартымды етуге ықпал етеді.

Тексеру барысында Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала жетекшілеріне 10 тамызға дейін барлық дайындық шараларын толық әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Бұл – жылыту маусымына кешікпей кірісіп, тұрғындардың қысқы мезгілде қиындық көрмеуін қамтамасыз ету үшін қабылданған нақты шешім. Түркістан қаласының әкімдігі қысқы маусымға дайындықты жүйелі, кезең-кезеңімен және кешенді түрде жүргізуде. Жылу, су, кәріз жүйелерін жаңғырту, тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу – қала инфрақұрылымын жақсарту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Қаланың күн санап дамуы мен жаңғыруы тұрғындардың тұрмысына да тікелей әсер етуде. Ал әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар – халыққа деген қамқорлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі.


ПІКІР ЖАЗУ