ШЫМКЕНТТЕ ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Қызғалдақ сарайында «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтті. Бұл мерекелік шара білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетуге арналды.
Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат өкілдері, аудан әкімдері, басқарма басшылары, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетекшілері, ардагер ұстаздар мен педагогтер қатысты. Мерекелік іс-шарада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік наградалары тапсырылды. Шымкент қаласының 4 ұстазы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иеленсе, бірқатар педагогтер «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және қала әкімі мен қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ұстаздық мамандықтың қоғамдағы мәртебесін ерекше атап өтті. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.









