ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНДА АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

0

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес биыл Жетісай ауданында тұрғындармен жүздесу шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бір кент пен он бір ауылдық округті аралап, тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Осы кездесулердің қорытындысы аудан орталығы – Жетісай қаласында өткен есептік жиында шығарылды.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Әділхан Асауов, Қаршыға Ақтөреева, Олжас Қаныбеков пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, сондай-ақ аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов пен полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев қатысты. Бұдан бөлек, жиында аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, білім мен денсаулық сақтау саласының жетекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері мен жергілікті тұрғындар да болды. Жиынның негізгі мақсаты – жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығару және халықты мазалап жүрген түйткілді мәселелерді ашық талқылау. Аудан басшысы өз баяндамасында аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті. Өткен кездесуде қала тұрғындары тарапынан көтерілген 16 негізгі мәселенің орындалуы – әкімнің баяндамасында ерекше аталды. Сол мәселелердің қатарында Хусаинов пен Құрманғазы көшелерін жөндеу, С.Ерубаев көшесіндегі №10/13 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасының құрылысын аяқтау, қаланың санитарлық тазалығын жақсарту, Жетісай–Түркістан бағытындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігін шешу, тік дренаждарды іске қосу, Космоновтар көшесіндегі кәріз жүйесін реттеу және тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындарға бейнебақылау камераларын орнату секілді сұрақтар бар. Бұдан бөлек, тұрғын үймен қамту, жол кедергілерін алу және өзге де инфрақұрылымдық ұсыныстар да назарға алынған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мәселелердің сегізі толық шешімін тауып, қалған сегізі бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.

Кездесуде аудан әкімі алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалар мен жаңа бастамаларға да тоқталды. Атап айтқанда, биыл Жетісай қаласында тік дренажды ұңғыма салу үшін жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, жақын күндері құрылыс жұмыстары басталмақ. Қаладағы тұрғын үйлерді ауыз су желісіне қосу және Жоба І, Жоба ІІ мөлтек аудандарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық трансферттер есебінен қосымша 10 миллион теңге қарастырылған. Қаладағы спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. «Қажымұхан» атындағы орталық стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Байтұрсынов көшесіндегі №25 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу мақсатында 10 миллион теңге бөлінді. Ал қаланың жаңа 80 гектар аумағын игеру жұмыстары басталып, онда заманауи мәдениет үйі, кітапхана, мұражай және спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Аудан басшысы өз баяндамасында кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту бағытындағы нәтижелерге де тоқталды. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында кәсіпкерлердің есебінен қалаға 548 миллион теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде пайдалануға берілген жеті нысан 58 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.

Тұрғындардың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында биыл бес жерде Street Workout спорт алаңшалары салынды. Қосымша тағы он алаңша орнату үшін 85 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бұдан бөлек, Әлия Молдағұлова мен Әсет Қашаубаев көшелеріндегі көппәтерлі үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшалары, ал А.Байтұрсынов №36 және Т.Жүргенбаев №9 тұрғын үйлерінің аулаларына спорттық алаңшалар салынған. Қаланың абаттандырылуы мен тазалығы да назардан тыс қалған жоқ. 60,3 миллион теңгеге 14 көше ағымдағы жөндеуден өтсе, тағы бес көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 132 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге, 11 көшеге жаңа электр бағаналары мен трансформаторлар орнату үшін 36 миллион теңге бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Қала маңындағы Жетісай-Жылысу, Жетісай-Қарақай және Жетісай-Мырзакент бағыттарындағы автомобиль жолдарын жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл жобалар жүзеге асқанда, жол қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.

Кездесу барысында әкім қала тазалығын сақтау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, биыл бұл бағыттағы жұмыстарға 130,3 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, көше атауларын жаңарту және үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 16,9 миллион теңге қаралып, жұмыстар толық аяқталған. Дегенмен, тұрғындардың кей бөлігі санитарлық талаптарды сақтамауда. Осыған байланысты аудан басшысы халықты жауапкершілікті арттыруға шақырды. «Қаламыздың көркейіп, таза болуы – тек биліктің емес, әрбір тұрғынның міндеті. Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау, аулалар мен көшелерді күтіп ұстауға немқұрайлық таныту – біздің ортақ үйіміздің абыройына нұқсан келтіреді. Сондықтан әр азамат туған жеріне жанашырлықпен қарап, тазалық пен тәртіпті сақтауы тиіс», – деді Серік Мамытов. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындармен еркін форматта пікір алмасып, әрбір сұраққа жеке тоқталды. Тұрғындар көше жарығын орнату, қоғамдық көліктердің қозғалысын жиілету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандардың сапасына қатысты ұсыныстарын айтты. Әкім барлық ұсынысты мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жиыннан кейін аудан басшысы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке мәселелерін қарады. Әрбір өтініш пен сұрақ бойынша жауапты мамандарға нақты мерзім мен жауаптылар бекітілді. Жетісай қаласында өткен бұл есептік кездесу тұрғындар мен билік арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайта түсті. Мұндай ашық диалог алаңдары азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруге, мемлекеттік органдардың жұмысын халықтың сұранысына сай жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ