ТЕГІСШІЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, халықпен еркін форматта пікір алмасты. Кездесу барысында аудан басшысы ауылдық округтің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар әкімнің есебін тыңдап, жасалған істерге оң бағасын беріп, аудан басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев халықпен кездесуде өңірдің даму стратегиясының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру екенін ерекше атап өтті. Соңғы жылдары Тегісшіл ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және ауыл келбетін көркейтуге зор үлес қосуда. Округ аумағындағы ең өзекті мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту болатын. Осы бағытта биыл бірқатар жобалар жүзеге асты. Мәселен, Таскескен елді мекенінің А.Омаров көшесіндегі 60 дана жарық шамына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше жарығы толық жаңартылды. Нәтижесінде ауыл көшелері түнгі уақытта жарықтанып, тұрғындардың қауіпсіздігі артты. Сонымен қатар Ө.Атабеков көшесінің 0,6 шақырымына тас жол төселіп, ауылішілік қозғалыс айтарлықтай жақсарды. Бұған дейін шаң-тозаңы шығып, көктем мен күз мезгілдерінде жүру қиындаған жол учаскесі бүгінде тегіс әрі қолайлы жолға айналды. Бұл жұмыстар ауыл халқының көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың көркін де айшықтай түсті. Ауыз су мәселесі де округ басшылығының басты назарында. Қазіргі таңда Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерінде ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жобалар толық аяқталған соң, тұрғындар тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Қ.Қалшатұлы көшесінде кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңының құрылысына қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң, ауыл жастары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік тумақ. Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы мұндай жобалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыруға жол ашады. Мәдениет елді мекенінде де бірқатар игі істер жүзеге асырылуда. Мұнда кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшаларының құрылысы толық аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Бұл нысандар ауыл жастарының спортпен айналысуына, балалардың ойын арқылы дамуына қолайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ ауылдың мәдени өмірін жандандыру мақсатында 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін үлкен мәдени орталыққа айналмақ. Мұнда түрлі мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп, ауыл өміріне жаңа серпін берілмек. Тегісшіл елді мекенінің келбетін жақсарту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ш.Ибрагимов көшесінің 3,1 шақырымына аяқжол салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, ауыл тұрғындары үшін қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы және қауіпсіз болмақ. Ауыл шаруашылығы мен ирригация саласына да көңіл бөлініп келеді. Каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, округ аумағындағы «Ақпарақ» каналының 3 шақырымы, «Сарүйсін шыған» қашыртқысының 6 шақырымы және «Құркелес» қашыртқысының 17 шақырымдық бөлігі механикалық әдіспен тазартылды. Бұл су арналарының өткізу қабілетін арттырып, егін шаруашылығына қажетті су көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Тазалау жұмыстары ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін ерекше маңызды, себебі бұл егістік алқаптарының суару жүйесін жақсартып, өнім сапасын арттыруға сеп болмақ.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев кездесуде тұрғындардың әрбір пікірін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Ол ауылдық округті дамыту бағытында қабылданған шаралар жалғасын табатынын, әрбір бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталатынын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеру, инфрақұрылымды жақсарту және жастарға лайықты өмір сүру ортасын қалыптастыру. Бұл бағытта барлық салалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді», – деді аудан басшысы. Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Әрбір өтініш пен ұсыныс назарға алынып, шешу жолдары қарастырылды. Мұндай кездесулер – билік пен халық арасындағы байланыс пен өзара сенімді нығайтудың айқын көрінісі. Тегісшіл ауылдық округі бүгінде әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Көшелердің жарықтандырылуы, жолдардың жөнделуі, спорт және мәдени нысандардың салынуы – барлығы да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты істердің нәтижесі. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде: «Әр ауылдың өркендеуі – ауданның дамуының кепілі. Сондықтан біз тұрғындардың пікірін тыңдай отырып, олардың сұранысына сай нақты жұмыстар атқаруға тиіспіз», – деді. Қорыта айтқанда, Тегісшіл ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет саясатының ауыл-аймақтарды дамытуға бағытталған нақты көрінісі. Мұндай жүйелі істердің арқасында ауыл халқының өмір сапасы артып, елді мекендер жаңа кейіпке еніп келеді.









