ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ТИІСТІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл жиынның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, тұрғындармен ашық және мазмұнды диалог орнатып, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, шешімін күткен мәселелердің орындалу барысын талқылау және алдағы жоспарлармен бөлісу болды.
Кездесудің басында аудан әкімі Азизхан Исмаилов халық алдында өткен жартыжылдықтағы кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, жыл басында өткен жиында бес негізгі мәселе көтеріліп, оның екеуі толығымен шешімін тапқан, ал қалған үш мәселе бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Тұрғындар көтерген барлық сұрақтардың сапалы әрі уақытылы шешілуін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі мен тиісті дербес бөлімдер тұрақты түрде бақылау жүргізіп отыр. Аудан басшысы өз сөзінде нақты нәтижелерге тоқталып өтті. Солардың бірі – Жаңаталап елді мекеніндегі электр энергиясының қуаттылығын арттыру және егістік алқабындағы бағаналарды жол бойына көшіру мәселесі. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Атап айтқанда, «ПС 35/10 кВ Фоголево» станциясынан ауылға баратын 2,3 шақырымдық 10 кВ электр желісі тұрғындар сұратқан бағыт бойынша ауыстырылды. Нәтижесінде, ауылдағы жарық беру сапасы жақсарып, электр жүйесіндегі жүктеме азайды. Екінші мәселе – ауыл шаруашылығына арналған несиелер бойынша тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Бұл бағытта ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Жаңаталап елді мекені мен жалпы Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округіндегі барлық жеті елді мекеннің тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы таныстырылды. Түсіндіру жұмыстары барысында ауыл азаматтарына несие алуға қажетті құжаттардың тізбесі мен ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл шара ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Үшінші мәселе – Рабат елді мекеніндегі Бауыржан Момышұлы көшесіне шағал төсеу. Аталған көшенің 1,9 шақырым бөлігіне жол төсемесін жасау үшін 19,3 миллион теңгеге сметалық есеп әзірленіп, бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Бұл бастама ауыл тұрғындарының көлік қозғалысын жеңілдетіп, ауылішілік жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, Жаңаталап елді мекеніндегі Ортабұлақ көшесінің 200 метрлік бөлігіне, яғни ауыл ақсақалы Абуов Жұмабайдың үйіне дейінгі жолға шағал төсеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға арналған сметалық есеп 1,985 миллион теңгеге әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл шешім ауылдың ішкі инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың қозғалысын жеңілдетуге және көше жолдарының жағдайын жақсартуға бағытталған. Тағы бір өзекті мәселе – Жаңаталап елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктті интернет байланысына қосу. Бұл мәселені шешу мақсатында аудандық орталық аурухана тарапынан 6 қазан күні «Қазақтелеком» АҚ-ның Оңтүстік филиалына ресми хат жолданған. Қазіргі таңда тиісті қаржы қарастырылып, төлемдер аяқталған соң, 20 қарашаға дейін медициналық мекеме интернет желісіне қосылатын болады. Бұл ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға, әсіресе электрондық денсаулық сақтау жүйесін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кездесуге қатысқан тұрғындар округ аумағындағы жолдарды жөндеу, ауыз су жүйесін жақсарту, тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, ауылдық аурухана ғимаратының санитарлық талаптарға сай келмеуі және П.Тәжібаева атындағы мектеп құрылысындағы кемшіліктер жөнінде мәселе көтерді. Әрбір сұрақ бойынша аудан әкімі нақты жауап беріп, олардың шешімі бақылауда болатынын айтты. Ол тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарының барлығы тиісті мекемелердің назарына алынатынын және нәтижелі шешім қабылдануы үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасалатынын жеткізді.
Аудан басшысы өз сөзінде Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінің инфрақұрылымын жетілдіру, әлеуметтік нысандарды жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүргізілетінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық аймақтарды дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады, сондықтан әкімдік тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады. Кездесу соңында аудан әкімі Азизхан Исмаилов ауылдық округтің көркейту және абаттандыру жұмыстарына да назар аударды. Ол округтегі аллеяның құрылыс барысымен танысып, орталық көшелерді аралап, тазалық пен тәртіптің сақталу жағдайын тексерді. Ауыл әкімі Мақсат Үмбеталиевке көше бойындағы құрылыс нысандарының сырт келбетін ретке келтіру, елді мекеннің эстетикалық бейнесін жақсарту және мәдениет үйінде орналасқан хабарландыру тарату жүйесінің дыбыс құрылғысын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мұндай кездесулер – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтудың тиімді тетігі. Азизхан Исмаилов атап өткендей, әрбір тұрғынның пікірі мен өтініші назардан тыс қалмайды. Аудан әкімінің бастамасымен өткізіліп жатқан бұл ашық кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге, билік пен қоғам арасындағы байланысты арттыруға және ел дамуының ортақ мақсатына қызмет етуге бағытталған. Қорыта айтқанда, Қарақозы Әбдәлиев ауылы округіндегі кездесу — жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы есептілігі мен жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бұл кездесудің нәтижесінде көтерілген мәселелердің шешімін табуы ауыл өмірінің сапасын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етпек.









