АУДАН БАСШЫСЫ ШАНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Шанақ ауылы округінің тұрғындарымен кезекті рет кездесу өткізді. Бұл кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, ел мен жергілікті билік арасындағы ашық диалогты нығайту, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, олардың шешілу барысын талқылау болды.
Аудан басшысы кездесу барысында өткен жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар мен тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды. Әкімнің айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен кездесуде үш мәселе көтеріліп, олардың екеуі толық шешімін тапқан, ал бір мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. Тұрғындар өтініштерінің сапалы әрі уақытылы орындалуы үшін аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Кездесу кезінде аудан әкімі Азизхан Исмаилов нақты мысалдар арқылы атқарылған істерге тоқталды. Соның бірі – Шанақ елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолға жол кедергісін орнату мәселесі. Бұл бағытта «Оңтүстік жолдары» мекемесі тарапынан қажетті жұмыстар атқарылып, ағымдағы жылдың тамыз айында Абай мектебіне бұрылыс тұсына жол кедергілері мен жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ сызылып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Екінші мәселе – Ақжар елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің шатырының ескіруі мен ғимараттың тозуы болды. Бұл бағытта аудан басшылығы тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, шілде айында мердігер мекеме ЖК «Айдарханова» 5,7 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, пункттің шатыры толық ауыстырылып, ғимаратқа ағымдағы жөндеу жасалды. Сонымен қатар, нысанға газ жүйесіне қосылған жаңа жылу қазандығы орнатылды. Бұл ауыл тұрғындарының, әсіресе жүкті әйелдер мен балалардың сапалы медициналық қызмет алуына қолайлы жағдай туғызды.
Үшінші мәселе – Ақжар ауылындағы тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын ауыстыру. Бұл бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта «Диас-Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сараптама қорытындысын алу желтоқсан айына жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, ауылдағы жарық сапасы жақсарып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы едәуір оңалмақ. Кездесуге келген ауыл тұрғындары өздерінің көкейлеріндегі бірқатар өзекті мәселелерді де ортаға салды. Атап айтқанда, жол жөндеу, көпір салу, ауыз су жүйесін жаңарту және мектеп әжетханаларының талапқа сай келмеуі сынды мәселелер көтерілді. Тұрғындар әкімге өз ұсыныстарын айтып, шешімін күткен сұрақтарын жеткізді. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, барлық көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын атап өтті. Ол халықпен ашық диалог орнатудың маңыздылығын ерекше айтып, әрбір мәселенің кезең-кезеңімен шешім табатынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, Шанақ ауылы округінің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды жаңарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Кездесуден кейін аудан әкімі жергілікті жердің жағдайымен танысып, тұрғындар көтерген кейбір мәселелерді көзбен көріп қайтты. Ол ауыл әкіміне және мектеп директорына нақты тапсырмалар беріп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдауды міндеттеді. Осындай кездесулер – билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтудың тиімді тетігі. Азизхан Исмаилов атап өткендей, әрбір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды. Халықтың тұрмысын жақсарту, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саланы күшейту – аудан әкімдігінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Бүгінгі таңда Шанақ және Ақжар ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет саясатының нақты көрінісі. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған істердің жемісі. Кездесуге қатысқан тұрғындар әкімнің ашықтық танытып, әрбір мәселені егжей-тегжейлі талқылағанына ризашылықтарын білдірді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, ел мен билік арасындағы байланыс нығая түспек.









