ТЕМІРЛАН ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМЫ КӨРЕРМЕН ҚОШЕМЕТІНЕ БӨЛЕНДІ

0

Ордабасы аудандық мәдениет үйінде көптен күткен ерекше мәдени оқиға өтті. Бұл күн көрермен жадында шығармашылық серпіліс, өнерге деген құрмет және театр ұжымының айрықша еңбегі тоғысқан сәт ретінде қалды. Режиссер Перизат Баймаханованың жетекшілігіндегі Темірлан халық театры көрерменге жаңа қойылымын ұсынып, аудан өнерінің тағы бір биік белесін көрсетті. Драматург Оразбек Бодықовтың жеңіл юмор мен тұрмыстық шынайылықты әсем үйлестірген «Ойбай, күйеу керек» атты комедиялық қойылымы алғаш рет сахнада көрініс тауып, көрермен ықыласына бөленді.

Комедияның оқиғасы басталған алғашқы минуттардан-ақ көрермендер оқиға өрісіне еніп, әр кейіпкердің дара болмысына қызығушылық танытты. Қойылымда бейнеленген жағдаяттар ауыл тұрмысына жақын, әр отбасыға таныс, ал кейіпкерлердің мінез ерекшелігі көрермендерге өте табиғи әсер етеді. Осындай өмірлік шындыққа негізделген драматургия театрды халыққа жақындата түсіп, мәдениеттің күнделікті өмірмен байланысын нығайтады. Темірлан халық театрының актерлері бұл жолы да жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлікті көрсетті. Әрбір сахналық қимыл, интонация, кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашу жолындағы еңбектері көрермен көңілін толтырды. Режиссердің сахналық шешімдері қойылымды нақты әрі түсінікті етумен қатар, көркемдік мәнін тереңдетті. Бұл — режиссерлік еңбектің кәсіби деңгейін айқын көрсететін көрсеткіш. Премьерадан кейін сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз театр ұжымына аудан әкімі Азат Оралбаевтың атынан Алғыс хат пен гүл шоғын табыс етті. Бұл құрмет — өнер адамдарының еңбегін бағалаудың жарқын үлгісі және мәдениетті дамытуға жасалған қолдау. Қойылымға дайындық барысында еңбек еткен әрбір шығармашылық қызметкер үшін мұндай марапат үлкен шабыт береді. Темірлан халық театрының бүгінгі жетістігінің өзегінде режиссер Перизат Баймаханованың ұзақ жылдарға созылған еңбегі жатыр. Ол 1993 жылдан бері Ордабасы аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп, 2001 жылдан бастап театрға жетекшілік жасайды. Жыл сайын бір комедиялық және бір трагедиялық қойылым қоюды дәстүрге айналдырған режиссер театрдың үздіксіз шығармашылық тынысын қалыптастырды. Осындай тұрақтылық өнер ұжымын кәсібилендіріп, аудан театр мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.

Перизат Баймаханованың өнер саласындағы еңбегі өңірлік және республикалық деңгейде бірнеше мәрте марапатталған. Ол — облыстық «Ең үздік режиссер» номинациясының иегері, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының жүлдегері, облыс әкімінің стипендиясының иегері. Сонымен қатар, республикалық байқаулардың лауреаты атанып, мәдениет саласына қосқан үлесі үшін «Жылдың үздік мәдениет қызметкері», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі», «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» медалі сынды марапаттар алған. 2024 жылы Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай оған қайтадан мерекелік медаль табысталды. Бұл шығармашылық ұжымның тәжірибесі мен еңбегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне де үлкен үлес қосады. Себебі театр — қоғам айнасы, ал сахнада көтерілетін мәселелер көрерменге ой салып, дұрыс таңдау жасауға үйретеді. Бұл орайда Темірлан халық театрының қызметі «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдарламасының құндылықтарымен тікелей үндеседі. Бағдарламада көрсетілген әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді театр өнері арқылы табиғи түрде жеткізуге болады. Қойылымдардағы мінездер, таңдау, өмірлік ұстанымдарға қатысты ойлар көрерменге тәрбиелік әсер етеді. «Ойбай, күйеу керек» комедиясының желісінде де қоғамдағы жауапкершілік, адамгершілік құндылықтары, отбасы мәселесіне деген көзқарас көрініс табады. Бұл — жастар үшін өмірлік сабақ, үлкендер үшін ой салатын туынды. Театрдың тәрбиелік маңызын арттыратын да — осындай шынайы, көркемдік тұрғыда әсерлі қойылымдар.

Сахналық өнердің даму деңгейі аудан мәдениетінің жалпы ахуалын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан Темірлан халық театрының жаңа премьерасы Ордабасы ауданының мәдени жетістігі ретінде ғана емес, елдегі көркем өнерді дамыту жолындағы үлгілі қадам ретінде бағаланады. Шығармашылық ұжымның талмай еңбектенуі, көрерменнің қолдауы және мәдениетке деген құрмет — аудан өнерінің алдағы уақытта да өркендей беруіне жол ашады. Темірлан театрының сахнасында дүниеге келген әр қойылым — ауданның рухани байлығы. Бұл байлық ұрпақ тәрбиесіне, қоғамның мәдени дамуына қызмет етеді. Ал өнерге адалдық, жауапкершілік, еңбекке құрмет көрсету — «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтары. Театр ұжымы осы құндылықтарды өнер арқылы насихаттап, қоғамдағы мәдени ортаның қалыптасуына зор үлес қосып келеді. Ордабасы ауданында өткен бұл премьера — жай ғана қойылым емес, мәдениет пен руханияттың, кәсібилік пен адалдықтың, өнерге деген құрмет пен қоғамға қызмет етудің жарқын көрінісі болды.


ПІКІР ЖАЗУ